Білікті басшы зейнет демалысына шығып жатыр

Полиция полковнигі Асылхан Төреханов – ішкі істер саласына айтарлықтай өз үлесін қосқан, елін сүйетін, салт-дәстүрін құрметтеп, түп-тамырын, тарихын терең білетін жан.

Ол өзінің қызмет жолында адамгершілік әрі іскерлік қасиеттерімен әріптестері арасында зор абырой мен үлкен құрметке бөленген білікті басшы. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқара отырып, бүгінгі күні құрметпен зейнеткерлік демалысқа шығуда.

Асылхан Сейдіханұлы Төреханов 1973 жылы шілде айының 28-і күні ОҚО Сайрам ауданында дүниеге келген. 1990 жылы Ленин совхозында орналасқан Бәйдібек мектебін бітіріп, 1993-1998 жылдары ауылшаруашылық техникумында білім алған. Ал 1998 жылы Шымкент қаласы Б.Момышұлы атындағы Заң колледжіне түсіп, «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1990-1995 жылдары ОҚО Сайрам ауданы Қызыләскер ауылының автогаражында жұмысшы болған.

Ішкі істер саласындағы еңбек жолын 1996 жылы бастап, 2001 жылға дейін ОҚО ПД автогаражында жүргізуші болған. 2001-2012 жылдары аралығында ОҚО ПД-нің Шымкент ҚПБ Еңбекші ПБ-де учаскелік полиция инспекторы, 2012-2013 жылдары Шымкент ҚПБ Ювеналды полиция тобының аға инспекторы, 2013-2015 жылдары Табиғатты қорғау тобының инспекторы лауазымындарында қызмет атқарған. Ал 2015-2017 жылдары Сайрам АПБ ӘПБ УПИ лауазымында, 2017-2018 жылдары ОҚО ПД ЖПҚ УПИ-нің жұмысын ұйымдастыру бөлімшесінің басшысы лауазымында жұмыс жасаған. 2018-2019 жылдары Түркістан облысы ПД учаскелік полиция қызметін ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы, 2022 жылы Түркістан облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, құқық бұзушылықтың алдын алуды ұйымдастыру бөлімінің бастығы лауазымына жоғарылаған. 2022 жылдың ақпан айынан бастап бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы лауазымында абыройлы қызмет атқарған.

Осылайша полиция полковнигі А.Төреханов өзінің ширек ғасырлық ғұмырын ІІО-на арнаған.

Кез келген маман иесінің қанатын қатайтып, өмірлік бағыт беретін үлкен орта ол – отбасы. Бүгінгі кейіпкеріміз әкенің ақылы мен ананың мейірімін бойына сіңіріп, қазақ отбасында тәрбиеленген жан. Қазіргі таңда 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, жапырағын кеңге жайған отбасының асыл әкесі, тірегі.

Өмірлік жолында өз ісінің жоғары бағасын іздемей, тек халыққа қалтқысыз қызмет етуді ойлаған А.Төрехановқа ризашылық, құрмет белгісі ретінде алғыс білдіреміз. Қиындығы мен қатері мол саладағы тынымсыз еңбегіңіз жемісін берсін. Алдағы демалысыңызға сәттілік тілейміз!

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ