Жыл басынан бері заңсыз ойын бизнесі бойынша 7 қылмыс анықталған
Заңсыз ойын бизнесі – бұл мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, халықтың әл-ауқатын нашарлатып, жастардың болашағына балта шабатын, әлеуметтік қақтығыстарға апаратын көлеңкелі экономиканың бір бөлігі. Осы ретте Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Санат Кулбаев 2024 жылдың 9 айындағы атқарған жұмыстарын баяндады.
– 2023 жылы 13 қылмыс, ал 2024 жылдың 9 айында 7 қылмыс анықталды. Анықталған 7 қылмыстың 5-і сот қарауына жолданып, айыптау үкімдері өз күшіне енген. Ал өткен жылғы 13 істің 10-ы сотқа жолданған болатын. 7 қылмыстық істің 4-і Instagram, TikTok желілерінде онлайн режимде ойнатылған. 2023 жылы 13 адам заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін сотталған, оның 10-ы бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған, 1 тұлға қоғамдық жұмыстарға тартылса, 1 тұлға әкімшілік айыппұл төлеген.
Ал, осы жылдың 9 айында 13 адам осы қылмысты жасағаны үшін сотталып, сотпен айыптау үкімдері шығыпты. Оның 4-іне бас бостандығынан айыру жазасы берілсе, 9-на бас бостандығынан шектеу жазалары тағайындалған. Осы жылы қылмыстық істер аясында 18 ойын аппараттары, ноутбук пен компьютерлер, ойын карталары, фишкалар тәркіленіп, заттай дәлелдеме ретінде танылған. Сот үкімдеріне сәйкес, компьютерлік техникалар мемлекет есебіне өткізілген, ал ойын аппараттары жойылған.