АЭС – энергетика тәуелсіздігін шешуде маңызды қадам

Шымкент қаласында АЭС салуды қолдау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарқынды жалғасуда. ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Нұрлан Бекназаров, Айгүл Қапбарова, Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков, «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев бастаған Халықтық штаб өкілдері Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп ұжымымен кездесті. Ұстаздар қауымымен өткен басқосуда АЭС салу мәселесіне қатысты референдум көздеген міндеттер талқыланды.

Алғашқы болып сөз алған Нұртөре Жүсіп Қазақстанның қазіргі энергетикалық ахуалы, атом энергетикасының беретін мүмкіндіктеріне тоқталып, АЭС туралы ғалымдар мен сарапшылардың айтқан пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, ҚР Парламентінің депутаттары Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға көмектесетінін, басқа мемлекеттерге саяси тәуелділікті арттыруға жол бермейтінін нықтап айтты.

Ал Мұрат Жаңабайұлы атом энергетикасының заман талабына сай қажеттілік екеніне назар аударды.

– Қазақстан халқы санының өсуі, өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласының дамуы электр энергиясын тұтынудың артуына алып келуде. Демек, осы ұлттық басымдықтардың барлығын жүзеге асыру үшін атом энергетикасына деген қажеттілік туындайды. Атом электр станциясының құрылысы нарықтағы электр энергиясының тапшылығын жойып, тозуға байланысты азайып бара жатқан генерацияланған жабдықпен толтыруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Басқосуда АЭС-на қатысты жан-жақты пікірлер айтылып, ұстаздар қауымы да өз көзқарастарымен бөлісіп, көкейдегі сауалдарына тұшымды жауап алды. Кездесу соңында штаб мүшелері 6 қазан күні өтетін референдумда Қазақстанның азаматы ретінде таңдау жасап, дауыс беруге шақырды.

ПІКІР ЖАЗУ