Халық денсаулығы – басты назарда

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесіне өтініш айтып келетіндердің басым бөлігі денсаулық сақтау саласына қатысты шағымдарын білдіреді. Қоғамдық қабылдау алаңының кестесіне сай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев бүгін партия филиалында тұрғындарды қабылдады. Қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева қатысып отырды.

Қабылдауға алдын ала жазылғандардың қатарында болған Қазығұрт ауданы Қызылқия ауылының тұрғыны Бауыржан Жораев осыдан 1 жарым жыл бұрын ғана сап-сау жүрген ағасының аудандағы дәрігерлердің немқұрайдылығынан бүгінде халі нашарлап кеткенін, бір жарым жыл бойы талай есікті тоздырғанын, алайда әлі күнге дейін ешкімнен мардымды жауап ала алмай сергелдеңге түсіп жүргенін айтып, шағымданды. Дәрігерлердің қатерлі ісіктің белгісіне тексерместен ота жасауы бүгінде үлкен мәселеге айналған. Тіпті тиселі дәрі-дәрмекті де сатып алуға мәжбүр. Қабылдауға келген азамат біріншіден медицина қызметкерлерінің әрекеттеріне шағымданса , екіншіден бас дәрігерден ағасының аман қалуы үшін барынша медициналық көмекті күшейтуді өтінді. Шағым иесін мұқият тыңдаған Асхан Мархабайұлы азаматтың күрделі жағдайға тап болғанын жанымен сезініп отырғанын, олқылықтарға жол берген медицина қызметкерлерінің тәртіптік шарасы қаралатынын айтып жұбатты. «Алайда,дәл қазір ең үлкен мәселе науқасты толық тексеру, сондықтан мұны жіті назарда ұстаймыз»,-деді басқарма басшысы. Облыстық аурухана дәрігеріне науқасты алдырып, тиісті маман дәрігерлерден құралған комиссия жасақтап, толық тексеруден өткізуге тікелей тапсырма беретінін жеткізді. Осылайша науқасты алдымен облыс деңгейінде толық зерделеп, қажет болған жағдайда республика деңгейіндегі жоғары білікті мамандарға жіберетін болды.

Ал, Сауран ауданының Қарашық ауылынан келген тұрғын, мүмкіндігі шеутеулі жан Ж. Ыстамқұлова өзі жұмысқа жарамсыз болып, балдақпен жүргенімен қоймай жұбайының да құлағында кемістік бар екенін алға тартты. Алайда, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу (МСЭК) мамандары жұбайын мүгедетікке шығармай отырған. Асхан Мархабайұлы тұрғынды тыңдған соң медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу мекемесінің белгіленген талаптарға сай тұжырымдама беретінін, олардың жұмысына ешқандай аралас алмайтынын айтып түсіндірді. Жұбайының құлағын емдету үшін Түркістан қалалық ауруханасына жолдама бермек. Одан бөлек, өтініш иесі емдеу сауықтыру орталығына 2025 жылдың сәуір айына кезек қойылғанын, бірақ соңғы кезде денсаулығында кінәраттың көбейіп бара жатқанын айтып, орталықта емделуді тездетіп беруін сұранды. Басқарма басшысы қабылдау барысында осы сала бойынша жауапты маманына тұрғынның емдеу сауықтыру орталығына жатып емделуін бір айдың көлемінде шешіп беруін тапсырды.

Саурандық ІІІ-топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат А. Наринбетов денесінің барлық аумағында қабыну ауруы бар екенін, үнемі дәрігерлердің бақылауында екенін, бірақ медицина қызметкерлерінің ұқыпты қарамайтынын айтып шағымданды. Одан бөлек тиесілі дәрі-дәрмектерді бөлуді сұрайды. Сонымен бірге 2-топ мүгедектігін алып жүрген азаматты кезекті тексеруден соң ІІІ-топ мүгедектігіне түсіріп тастағаны жанына батады. Басқарма басшысы А. Байдувалиев арыз иесіне медициналық әлеуметтік сараптама жүргізетін мамандардың белгіленген талаппен жұмыс істейтінін айтып түсіндірді. Тағы да толық тексеруден өтуге көмек беретінін жеткізді.

Қабылдауға жазылғандардың қатарында шалғай ауылдарда тұратындықтан онлайн режимде тікелей байланысқа шығып, сұраныстарын білдіргендер де болды. Олардың қатарында болған көп балалы ана денсаулығы дімкәс жасы 30-ға толып қалған ұлының шет елде ем алуына ықпал етуін сұраса, тағы бірі, ауданындағы ФАП-тың құрылысы баяу жүріп жатқанына алаңдаулы. Басқарма басшысы барлық қойылған сауалдар мен өтініштерді мұқият тыңдап, әрқайсына заң талаптарына сай нақты жауаптарын берді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ