Партиялық бақылау комитетінің кезекті жұмыс жиыны өтті
Бүгін «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында Партиялық бақылау комитетінің кезекті жұмыс жиыны өтті. Комитет төрағасы Павел Казанцевтің төрағалығымен өткен мәжілісте мектептердегі асханаларда балалардың ыстық тамақпен қамтылуын ұйымдастыруда партия мүшелері – орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жауапты өкілдерінің атқарып жатқан жұмыстары қаралды.
Мәжіліске партияның өңірлік филиалдары ZOOM платформасы арқылы қатысты. Жұмыс жиынына «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы да қосылып, бейнебайланыс конференциясы режимінде өткен мәжіліске Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген «AMANAT» партиясы Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Майра Айсина, партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Салимов, партияның өңірлік филиалының партиялық бақылау инспекторы Асқар Еркінбеков, партия филиалының заңгері Нүркен Естебеков қатысты.
Жиынның күн тәртібіне қойылған мәселенің маңыздылығына тоқталған Павел Олегович Казанцев, «Ұлттық салауатты тамақтану орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі жүргізген бағалау зерттеулерінің қорытындысын мәлімдеді. Балаларға ұсынылатын тағамда сапа стандартын қамту мен тағамның энергетикалық құндылығы нормаларының халықаралық деңгейіне жеткізу өзекті болып табылатынын айтты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің өкілі биыл тегін тамақпен қамтылатын оқушылар саны 100 мың балаға артқанын мәлімдеді. Осылайша, 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап республика көлемінде 1,7 млн оқушыға тегін ыстық тамақ беріледі. Тегін ыстық тамақпен 1-4 сынып оқушылары, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар қамтылатын айтты.
Сондай-ақ күн тәртібіндегі мәселе бойынша “AMANAT» партиясы Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Майра Айсина хабарлама жасады. Оқу-ағарту министрлігінің деректерін келтірген Майра Арапқызы, мектептерде тегін тамақпен қамтылған оқушылардың 220 мыңы – әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың балалары екенін айта отырып, осы мақсатта жергілікті бюджеттерден 156 млрд. теңге бағытталғанын айтты. Дегенмен, оқушылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша, олардың тек жартысынан астамы ғана мектеп мәзіріне қанағаттанатынын білдіргенін мәлімдеді. Сауалнамаға қатысқан әрбір төртінші бала асханада берілетін тамақтың ұнамайтынын білдіргенін, ал әрбір бесінші оқушы мектеп асханасында тамақтануға құлықсыз екенін мәлімдегенін алға тартты.
«Бүгінгі жағдай мынадай, 7474 мектептің тек 91 пайызы асханамен қамтамасыз етілген, ал 469 мектепте тек буфеттер ғана бар. Өткен оқу жылының аяғында 26 шағын мектеп ыстық тамақпен қамтамасыз етілмей қалған. Оларда білім алушылар контингенті 861 оқушыны құрайды. Мысалы, Қарағанды облысында 21 мектепте тамақтану ұйымдастыруға қажетті ғимараттар қаралмаған. Шет ауданында 5 мектепте тиісті қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Көптеген ауылдық мектептердің буфеттерінде ыстық тамақ ұйымдастыру мәселесі, олардың бейімделген ғимараттарда орналасуына байланысты тиісті санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылар алуда қиындықтар туындауда. Мысалы, Шығыс Қазақстанда 12 мектеп, Батыс Қазақстан облысында – 29, Ұлытау облысында – 10 және т.б. мектептердің буфеттері рұқсат құжаттарынсыз жұмыс жүргізуде», – деп мәлімдеді М.Айсина.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары әкімдерінің орынбасарлары хабарлама жасап, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады. Айта кету керек, Түркістан облысында тегін тамақтану құқығына ие 220 920 баланы ыстық тамақпен қамтуға 19 869 494,0 мың теңге қаралған. Облыс мектептеріндегі асханалардың жұмысы аманаттық өкілдердің тұрақты бақылауында болады.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі