Сарыағашта 350 орындық заманауи мектеп пайдалануға берілді

Сарыағаш ауданы, Дербісек елді мекенінде «1 қыркүйек- Білім күні» мерекесі қарсаңында заманауи үлгідегі 350 орындық жаңа мектеп ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Дербісек ауылдық округінде орналасқан білім ошағы жеке кәсіпкер, Серік Нарбаевтың есебінен салынған. «Орал Нарбаев» атындағы 350 орындық зиятркерлік білім беру мектебінің ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев, облыстық мәслихаттың депутаты Алмас Салимов, Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі Бұхарбай Парманов, аудандық мәслихаттың төрағасы Смайл Тасқұлов және ауданның құрметті азаматтары арнайы қатысып, лентасы қиылды. Оқушылар мен ұстаздарды, жергілікті тұрғындарды құттықтап, ақ жарма тілегін жеткізді.

– Құрметті ауыл тұрғындары, ұстаздар, баршаңызды Білім күні мерекесімен құттықтаймын. Мереке қарсаңында жаңа білім ордасы ашылып, тағы бір қуанышқа кенеліп жатырсыздар. Ендеше жаңа мектеп ғимаратты баршаға құтты болсын. Еліміздің дамуы мен болашағы білімді, дені сау ұрпаққа байланысты. Біздер бұл саланы жіті назарда ұстауға тырысып келеміз. Қазіргі таңда ауданда жаңа мектептердің және «Жайлы мектептер»құрылысы қарқынды жүргізілуде. Баршаңызды жаңа білім ордасы жаңа жетістіктерімен қуантсын. Ұстаздар қауымы балаларға жақсы білім берулеріңізге сенім білдіремін,-деді аудан басшысы.

Зияткерлік мектептің құрылысы 2023 жылы басталған. 350 оқушыға арналған мектепте оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ 52 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде. Есік алдына асфальт төселген және көгалдандырылған.

Мектепте суық су мен жылу және санитарлық байланыс құбырлары орталықтандырылған. Білім ұясында кітапхана, химия, физика, еңбек және информатика кабинеттері толықтай заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті тақтамен жабдықталған. Мектептің спорт залы, асхана және медициналық бөлмесі бар. Әрбір бөлме арнайы құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталып, сыртқы және ішкі бейнебақылау камералары орнатылған.

Сонымен қатар мектепте ішкі бассейн де орнатылған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ