ІІМ-де Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесу өтті
Париж олимпиадасында топ жарып, жүлде алған динамолық спортшылар Ішкі істер министрлігінде болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Спортшылар ведомство мұражайында тарихпен танысып, естелік кітабына қолтаңба қойып, жылы лебіздерін жазды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді жарқын жетістіктерімен министр Ержан Саденов құттықтады.
– Біз сіздердің әрқайсыларыңызды мақтан тұтамыз. Қандай сайысқа шықсаңыздар да, жеңісті болсын! Бұл жалпы қазақ еліне қосып жатқан үлестеріңіз. Тағы да сіздерді шын жүректен құттықтаймын! – деді полиция ведомствосының басшысы.
Айта кету керек, “Динамо” спорт ұйымының спортшылары Париждегі олимпиада ойындарында бір алтын (Елдос Сметов), бір күміс (Нұрбек Оралбай) және екі қола (Назым Қызайбай, Александра Ле) жеңіп алды.
– Үлкен рақметімді айтамын қазақ еліне! Парижде болғанда қолдауды сезіндік. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне алғысымды білдіремін. Бұйыртса, келесі олимпиада ойындарында күміс медалімді алтынға айналдыруға барымды саламын. Өсіп келе жатқан жас спортшыларға еңбек етіңіздер, сынбаңыздар дегім келеді, – деді бокстан олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай. Көк туымызды әлемге танытқан қыз-жігіттердің еңбегі ерен. Олар алдағы уақытта да үздіктер қатарынан көрініп, биік белестерді бағындырады деп сенеміз.
Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/iim-de-olimpiada-ojyndarynyng-zhuldegerlerimen-kezdesu-otti/?fbclid=IwY2xjawFNa8RleHRuA2FlbQIxMQABHWv1ZfkCokaTTT46-OQWcYJQAQWMNegs2qswtpUZAqcfnHhJsP2NlpW_jQ_aem_ms-6il9KgnTWQknI-EUtIw