Полицейлер нашақорлықтың алдын алу бойынша студенттермен кездесті
Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Халықаралық Туризм және қонақжайлылық университеті мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерімен нашақорлықтың алдын алу тақырыбында кездесу өткізді.
Іс-шараға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі А.Бурханов, прокурор О. Алтынбаев, дәрігер-нарколог Д.Шалапов пен 450-ден астам оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Негізгі мақсат-салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың есірткі тұтынуға теріс көзқарасын қалыптастыру, спортқа баулу және жаман әдеттерден бас тартуға дағдыландыру.
Кездесу барысында шақырылған қонақтар жастарға синтетикалық және өзге де есірткілердің, психотроптық заттардың зияны туралы, олардың өмір мен денсаулыққа кері әсері, есірткіні сақтауға және өткізуге байланысты қылмыстардың салдары туралы жеткізді.
Сонымен қатар студенттерге нашақорлық пен есірткіні қолдану мәселесі, сондай-ақ есірткі заттарының заңсыз айналымын болдырмау бойынша атқарған жұмыстары туралы бейнероликтер көрсетілді.
Кездесу соңында студенттер мамандарға талқыланған тақырып бойынша қызықтырған сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Сондай-ақ полицейлер жастарды салауатты өмір салтын ұстануға және заңдарды сақтауға шақырды.