Діни экстремизмнің алдын алу маңызды

Радикалды ағымдар дін мен дәстүрдің сабақтастығын, сонымен қатар осының негізінде қалыптасқан дәстүрлі рухани құндылықтарды жоюды көздейді. Осыған байланысты радикалды идеология өкілдері мемлекеттің зайырлы принциптері мен қағидаларына деген қоғамның теріс көзқарасын тудыруға тырысып бағуда. Алайда, зайырлық – бұл дінді жоққа шығару емес. Зайырлы мемлекетте дін институты шектеулі жағдайларда өмір сүреді. Мемлекет кез келген діни бірлестіктің қызмет жасауы үшін теңдей жағдай жасайды, олармен әріптестік қатынастарды ұстанады. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес, 18 діни конфессияның 3808 діни бірлестігі жұмыс істейді.

Қазақстандық қоғамның өзекті мәселесі – діни экстремизм және радикализм. Онымен күресті тек мемлекет емес, әрбір қазақстандық азамат жүргізуі тиіс. Жастардың санасын қорғау мен сауатын ашу қоғамдық жауапкершілікке айналуы тиіс.

Экстремистік ұйымдар дін атын жамылып, мемлекеттің біртұтастығын бұзып діни мәселелерде жанжал тудырып, конфессияаралық қатынастарда және қоғамның деградацияға ұшырауына әкеліп соқтырады. Сол себептен, жастар арасында терроризм мен экстремизді алдын алу мақсатында өтетін семинар, дөңгелек үстел, конференция және т.б іс-шаралардың өткізілуі маңызды.

Жастар арасында экстремизм мен терроризмнің таралуын алдын алудағы ең тиімді жол ол әрине ақпараттық насихаттық жұмыстар. Ол үшін жастар көп шоғырланған мекемелерде белсенді ақпараттандыруды жүргізуді үнемі жетілдіру қажет.

Жоғары оқу орындары мен колледждерде жастар комитетінде рухани секторларды ашып, олармен теріс діни ағымдарға төтеп беруде бірігіп, жұмыла отырып жұмыс жасауымыз қажет. Дін саласымен айналысатын құзыретті органдар мен мекемелер аталмыш рухани сектормен тығыз байланыста болуы, жастарға дер кезінде көмек көрсетуге ықпал бола алады.

Біріншіден, теріс діни ағымның, секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру қажет.

Екіншіден, қауіпті діни әдебиетке қатаң тыйым болмай, діни экстремизмнің алдын алу мүмкін емес. Сондықтан базарларда, құлшылық орындарында, жер асты өткелдерінде заңсыз сатылып жатқан теріс діни әдебиеттерге құзырлы орган тарапынан тыйым салынуы қажет.

Үшіншіден, шетелдерге діни білім алуға жастардың көбі өз бетімен барады. Олар ресми органдарда тіркелмегендіктен, нақты қайда оқығанын да білмейсіз. Соның салдарынан шетелдегі деструктивті діни ағымдардың идеологиясы бізге «экспортталып» жатыр. Шетелде діни білім алуда белгілі бір шаралар қабылдау – заман талабы. Шетелдегі заңсыз құжыраларда оқып келіп, елдің арасына іріткі салып жүрген жастарымыз да жоқ емес.

Төртіншіден, қазіргі таңда кітап оқитын жастар саусақпен санарлық. Өзіне қажетті барлық мәліметті интернеттен іздеп, оңай қол жеткізе алады. Сонымен қатар, діни сауатын да интернеттен алады. Діни сауатты интернеттен аламын деп, елімізде және шетелден ашылған экстремистік сайттардың құрығына байқаусызда түсіп қалып жатады. Сондықтан елімізде және шетелде ашылған экстремистік сайттарды күнделікті құзырлы орган тарапынан бұғатталып отыруы қажет.

Бесіншіден, діни экстремизм мен терроризм қылмысымен айыпталушылардың жазасын ауырлату, діни лаңкестіктің алдын алудың бірі болып саналады. 2011 жылдары орын алған лаңкестік оқиғалардың қайталану себебі — қылмыс жазасының жеңіл болуында. Халықтың арасына үрей туғызып, халықтың өміріне қауіп-қатер төндіретін лаңкестіктің алдын-алу үшін қылмыскердің жазасын қандай деңгейде болуын қарастыру демократиялық құндылықтарға қайшы келмейді.

ПІКІР ЖАЗУ