Түркістан қаласына «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі арнайы сапармен келді
Түркістан қаласына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Абдиев арнайы жұмыс сапарымен келді. Облыс орталығында құрылысы жүріп жатқан 2000 орындық «Жайлы мектеп» алаңына барып, құрылыс жұмыстарының деңгейін бақылады. Аталған нысанның құрылыс сапасын тексеру үшін Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев бастаған жергілікті халық қалаулылары да қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырған болатын. Президент айтқан жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылады.
Мәжіліс депутаты Ерлан Тұрсынбайұлы «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында білім беру орындарының құрылысы маңызды екенін атап өтті. «2000 балаға арналған білім ошағының құрылысы қарқынды, өзінің кестесімен келе жатыр. Алайда атауы «Жайлы мектеп» болған соң барлық жағынан жайлы, қолайлы болғаны дұрыс. Байқағаным, бастапқы жобада болған 2 лифтінің саны тапсырыс беруші тарапынан қайта түзетіліп, 1-еуге азайыпты. Ал 2000 балаға 1 лифтінің болуы ақылға қонбайды. Осы жәйтті қайта қалпына келтіруді ұсынамын. Одан бөлек, мүгедек жандарға арналған механикалық сатыны пандусқа айналдырған жөн. Себебі механикалық саты көп жағдайда тез бұзылып қалады және оны арнайы бір маман үнемі қадағалап отыруы тиіс. Біз дәл қазіргі әдемілікті емес, оның адамдарға бірнеше жыл қызмет ететін жайлы, тиімді жағын қарастырумыз керек» деді Мәжіліс депутаты.
Ұлттық жоба аясында Түркістан облысында 49 мың оқушыны қамтитын 63 «Жайлы мектеп» салынады деп жоспарланған. Түркістан қаласының Жаңа қала аумағындағы 42-ші көшеде салынып жатқан заманауи білім ұясының құрылысы өткен жылы басталған нысандардың бірі.
Бой көтеріп жатқан нысанның атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде мердігер компания «Каратас Майнинг» ЖШС-і жауапты өкілі баяндады. Партиялық бақылауға алынған нысан 4 қабатты. Құны 8 млрд теңгені құрайтын ғимараттың жалпы ауданы – 20 147 шаршы метр, ал аумағы 4 гектар. Өткен жылдың қыркүйек айында құрылысы басталған мектепті биыл қараша айында пайдалануға беру көзделіп отыр. Дәл қазір қас беттерін әрлеу, спорт залды сырлау және ішкі жұмыстар атқарылып, аула реттеліп жатыр. Мектептің мейлінше тез, сапалы бітуіне 170-ке жуық құрылыс маманы жұмылуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі