Атырауда бір аптада 13 мас жүргізуші анықталды
Атырауда полиция қызметкерлері бір аптада 13 мас жүргізушіні тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz. Кейінгі кезде қала аумағында жол-көлік оқиғалары жиіледі. Салдарынан азаматтар әртүрлі дене жарақаттарын алды. Оның басты себептері – жылдамдықты сақтамау, мас күйде көлік басқару, маневр жасау ережелерін бұзу, қарсы жолаққа шығып кету және жаяу жүргіншілерді жолдан өткізбеу. Осы тұрғыда патрульдік полиция қызметкерлері бір аптаның ішінде мас күйде көлік басқарған 13 жүргізушіні анықтады. Мәселен, 16 тамыз күні сағат 01:10 шамасында Б.Майлин көшесі тұсында күдік тудырған Ваз автокөлігі тоқтатылды. Тексеру кезінде 51 жастағы шетелдік азаматтың мас күйде көлік басқарғаны анықталды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608- бабы 1-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) хаттамасы толтырылды. Тәртіп сақшылары көлік құралын мас күйде басқару ауыр зардаптарға әкеп соғатын жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін екенін алға тартып, азаматтарға аталған құқық бұзушылықтарға жол бермеуді ескертеді. Патрульдік полиция қызметкерлері бұл бағыттағы жұмысты тұрақты түрде жүргізеді.
Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/atyrauda-bir-aptada-13-mas-zhurgizushi-anyqtaldy/