Келес ауданында малды бос қоя бергендерге айыппұл қарастырылған
Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округіндегі Жуантөбе, Кеңдала, Жаңадәуір, Ынтымақ, Көгерту, Лесбек батыр, Ақжар, Қаратөбе елді мекендерінің тұрғындарымен көшеде қараусыз бос жүрген мал иелері мен көше билері, тәртіп сақшыларының қатысуымен кездесу өтті. Кездесуде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын, инфрақұрылым обьектілерін бұзу және жасыл екпелерін жою және бүлдіру бойынша әкімшілік жауапккершіліктерге тарту мәселелері мен ескерту профилактикалық іс-шаралар жұмыстары жүргізілетіндігі түсіндірілді.
– Көше бойларында қараусыз бос жүрген төрт түліктің ауылдың көркі, ажары саналатын көкжасыл желектерді майқандап, сындырып, бүлдіретіндігі кеше немесе бүгін ғана айтылып жүрген әңгіме емес. Әрине, бұл қолыңда мал ұстама, қымбатшылықты, тапшылықты сылтауратып малыңды қараусыз бос жібере сал дегенді білдірмесе керек. Біздіңше мал асырағысы келген адам оның тиімді, пайдалы тәсілдерін де дәл тауып, меңгере білгендері жөн сияқты, – деді ауыл әкімінің орынбасары Т.Искендеров.
Басқосуды ауыл әкімінің орынбасары Т.Искендеров ашып, жүргізіп отырды. Жиында ауыл билері көпшілікке ой саларлықтай әңгіме өрбітті. Сондай-ақ тұрғындар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Айта кетейік, Келес ауданындағы ауылдық округтерінде қараусыз бос жүрген малды қамауға арналған айып тұрағы ашылған. Бұл – мал ұрлығының алдын алуға қатысты қолға алынған шара. Малды бос қоя бергендерге айыппұл қарастырылған. Мал иелері түлікті өздері бағуы керек, не болмаса бақташыға беруі тиіс.
🔗Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі