Полиция қызметкерлері Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыды

 

10 тамыз – ұлт руханиятының темірқазығы Абай Құнанбайұлының туған күні, Абай күні! Абай тағылымына тағзым ету – өркениет өріне қадам басқан елдіктің белгісі. Осы орайда ордабасылық полицейлер кітапханаға арнайы ат басын бұрып, Абайдың шығармашылығы мен рухани-мұраларымен танысты. Сонымен қатар, ұлы ақынның шығармасынан үзінділер келтіріп, көпшілік назарына ұсынды. Жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, қоғамдық сананың ілгерілеуіне қызмет еткен Абай болмысы қашанда үлгі. Баршаңызды рухани мереке – Абай күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Келес ауданы полиция бөлімінің аға лейтенанты Асылтас Жанқарада өзіндік үлесін қосты. Көрікті ой мен кемел сөздің зергеріне айналған Ұлы Абайдың тәлім-тәрбиеге толы өлең шумақтарын мәнерлеп өзгелерге үлгі көрсетті.

Арыс аудандық полиция бөлімі анықтау тобының анықтаушысы Қуаныш Ғабитұлы Жұмашев бос уақытында ұлы Абайдың өлеңдерін жанына серік еткен жас тұлға. Қуаныш 2002 жылы туылып, Арыс қалалық Т.Тәжібаев атындағы балалар үйінде тәрбиленген. Ол ҚР ІІМ ҚАРАҒАНДЫ АКАДЕМИЯСЫН 2024 жылы бітіріп, еңбек жолын Арыс аудандық полиция бөлімінен бастап отыр. Ақынның “Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап” өлеңін полиция лейтенанты Қуаныш Ғабитұлы мәнерлеп оқыды.

Қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыспен күресу жолында аянбай қызмет етіп, темірдей тәртіп орнатып жүрген Төлеби ауданының полиция қызметкерлері өздерінің сегіз қырлы, бір сырлы екендіктерін көрсетті. Қазақтың ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 179 жылдық мерейтойына орай жалғасып жатқан Абай өлеңдерін полиция бөлімі бастығының орынбасары Мұрат Камалов бастаған қызметкерлері Абылайхан Тұрсынбек пен Нұрсұлтан Паиз жатқа айтып, мәнерлеп оқыды.Яғни төлебилік полицейлер Ұлы ақынның өлеңдері мен шығармаларын орындауды тек қоғам белсенділері мен зиялы қауым арасында ғана емес сонымен қатар, құқық қорғау қатарындағы қауымды да қамту екенін көрсетті.

Түркістан облысы Түлкібас ауданы полиция бөлімінің аға инспекторы Қарлыгаш Жақсылыққызы Көкенова 10-тамыз ақын Абай Құнанбайұлының 179 жыл толу мерекесіне орай, М.Жұмабаевтың “Атақты ақын, сөзі алтын,хәкім Абайға” атты өлеңін мәнерлеп оқыды. Полиция капитаны Қарлығаш Жақсылыққызы 1978 жылы Түркістан облысы, Шардара қаласында дүниеге келген. Ішкі істер саласында жиырма жылдан бері қызмет жасап келе жатқан ару Абайды оқып, жан-дүниеңмен тану бір ғанибет деп ойлаймын,- деп өз пікірін білдірді. Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абайдың теңіздей терең поэзия арқылы халқына қалдырған өсиетінен ішкі істер органдары қызметкерлерінің де алар тәлімі мол екенін байқауға болады.

Түркістан облысы Созақ ауданының учаскелік полиция инспекторы Уали Дәулет Ерғалиұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың шығармаларын оқи отырып, жыр алыбына деген өз арнауын жеткізді. Полицей Дәулет Ерғалиұлы 1996 жылы Созақ ауданы Құмкент ауылында дүниеге келген. Оның поэзияға деген құштарлығы мектеп қабырғасынан басталып, түрлі тақырыпқа қалам тербеп, өлең жаза бастайды. Өз кезегінде ол Абай мен Мұқағали оқуларына қатысып, жүлдерлі орындарға ие болады. 2015 жылы Қостанай қаласындағы Ш.Қабылбеков атындағы академияға оқуға түсіп, полицей мамандығын игеріп шығады. Өз ортасында сыйлы, қызметте беделді Дәулет ішкі істер саласында 5 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қызметімен қатар поэзияны жанына серік еткен Дәулетке қаламың мұқалмасын және заң талаптарының орындалуына қосар үлесің мол болсын деп тілек білдіреміз!

ПІКІР ЖАЗУ