Мақтаралда мәжіліс депутатының қатысуымен қоғамдық қабылдау өтті

«AMANAT» партиясы Мақтарал аудандық филиалында ұйымдастырылған қоғамдық қабылдау Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Базарбайұлы Қырықбаевтың қатысуымен өтті. Аудан тұрғындарының талап-тілектері мен өтініштерін арнайы тыңдауға келген Мәжіліс депутаты, жергілікті әлеуметпен кездесу барысында Парламент қабырғасында қабылданған заң нормалары, олардың мемлекет пен қоғамның дамуына қосар үлесі жөнінде ақпар берді.

Партиялық алаңда өткен қабылдауға Түркістан облыстық мәслихатына осы ауданнан сайланған депутат Жарқынбек Қанаев, аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров, Мақтарал аудандық мәслихатының төрағасы Қадір Сәрсекбаев, партияның Мақтарал аудандық филиалының төрағасы Мұхтар Сәрсенов, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімдігінің дербес бөлім басшылары, ұйым жетекшілері, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, БАҚ өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.

Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар Атакенттегі стадион мен саябақты қайта құрылымдаудан өткізу, психотроптық дәр-дәрмектің еркін таралуына шектеу қою, аудан тұрғындары арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету, жолаушылар мен жүк тасымалын тиімді ұйымдастыруда аудан аумағынан әуежай салу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, ағын су арналарын жөндеудегі сапасыз жұмыстар, дренаждарды іске қосу мәселесіндегі түйткілдер, Мырзакент мақта өңдеу зауыты аумағынан көтерілетін шаң-тозаң бойынша шағымдар айтылды. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберіндегі несиелеу тетіктері, жер телімдерін бөлу, жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу, тұрғындарды әлеуметтік қолдау шаралары, ауыз сумен, табиғи газбен қамту жұмыстары, техникалық қызметкерлердің еңбек ақысын көтеру, арнайы мемлекеттік бағдарламалардың ауылдық жерлерде іске асырылуы мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлер көтерілді.

Парламент өкілі қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың көтерген мәселелерін мұқият тыңдады. Темір Базарбайұлы шешімі бар сұраныстарды жергілікті атқарушы және өкілді органдарға тапсырып, олардың орындалуын үнемі бақылауда ұстауды жүктеді. Республикалық деңгейде қарастыруды талап ететін өтініштер өзінің қадағалауында болатынын айтып, тиісті орталық мемлекеттік органдармен бірлесе зерделенетінін жеткізді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

 

ПІКІР ЖАЗУ