Мәжіліс депутаттары облыс әкімімен кездесті

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Темір Қырықбаев, Нұрсұлтан Байтілесов бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесті. Мәжіліс депутаттарының өңірімізге жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар аудан, қалаларды аралап, халықпен кездесіп сайлауалды бағдарламасының орындалу барысын қадағалаған болатын. Облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы халық қалаулыларын арнайы қабылдап, өңірдің дамуы жөнінде пікір алмасты.

Облыс әкімі аймақты дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Өндіріс орындарын ашу, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, ауыз сумен және газбен қамту, мектептер мен әлеуметтік нысандар салудағы жұмыстарды баяндап, Түркістанның инвестициялық әлеуетін көтеру шараларына тоқталды. Жергілікті бюджет пен кіріс көлемін ұлғайту мәселесі де назардан тыс қалмады. Сонымен бірге ағын су саласындағы түйткілдер де сөз болды.

Депутаттар елді мекендерді аралау барысындағы халық тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді, мәселелер жайлы сөз қозғады. Өңірде сайлауалды бағдарлама жүйелі жүзеге асып жатқанын, тұрғындардың көзқарасы дұрыс екенін жеткізді. Сонымен бірге, Түркістан қаласының ерекше мәртебесін айшықтайтын Заң жобасына депутаттар мен қоғам тарапынан қызығушылық жоғары екенін айта келе бұл маңызды Заң жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізетіндерін атап өтті.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ