Мәжіліс депутаты – Отырарда

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов Отырар ауданында іссапармен болып, «Денсаулық» бастауыш партия ұйымы мүшелері мен аудандық аурухананың дәрігерлерімен кездесті. Кездесуде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреқызы, партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркеғали Таңатаров, аудан әкімінің орынбасары Жансұлтан Сейтжанов болды.

Нұрсұлтан Төленұлы оталық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Әбдімәлік бастаған ұжыммен кездесуде партияның сайлауалды бағдарламаларының орындалуы барысына тоқталды. Депутат осы уақытқа дейін Мәжіліске 177 заң жобасы келіп түскенін, оның бүгінгі таңда 103-і қабылданып, қолданысқа енгенін, қалған заң жобалалары талқылану үстінде екенін жеткізді.

Сондай-ақ, халық қалаулысы бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі-лудоманияға мен нашақорлықпен күрес бағытындағы жұмыстар туралы айтты. «Ащы шындық, бүгінде еліміздегі нашақорлардың саны 53 мыңнан асты. Бұл қазіргі қоғамның дертіне айналды. Нашақорлық түрлі психотроптық өнімдердің көбеюінен, ол саладағы заң жүзіндегі шектеулердің әлсіздігенен артып отыр»-деді, Нұрсұлтан Төленұлы. Осы қауіпті жою немесе мейлінше азайту мақсатында заң жобасы қабылданған. Оның нәтижесінде нашақорлықпен күрес, психотроптық заттарды заңсыз сату, заңсыз босатудың салдарынан болатын әкімшілік жауапқа тартуды, қылмыстық жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік туатын болады.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты лудоманияға қарсы заң бойынша ел арасында үлкен түсіндірме жұмыстары жүру керектігін тілге тиек етті. Атап айтқанда, құмар ойындарға бұдан былай 21 жасқа толмаған азаматтар қатыса алмайды. Ал, балаларды, азаматтар өз-өздерін құмар ойындардан шектеу мақсатында электронды үкімет порталында тетік қарастырылатын болады. Сол мүмкіндікті пайдаланып, азаматтар өз-өздерін немесе балаларын құмардан шектесе, ол шектеу 10 жылсыз алынбайды. Сондай-ақ, құмар ойындардың барлық платформалардағы жарнамаларын мейлінше шектеу осы заңмен қарастырылған.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреқызы да жоғарыда аталған мәселелер бойынша тоқталып, бастауыш партия ұйымы мүшелерін лудоманияға, нашақорлыққа қарсы күреске шақырды.

Кездесу барысында орталық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Әбдімәлік аудандағы денсаулық саласындағы мәселелер мен қолға алынып жатқан шаруалар жайын айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ