“Amanat” партиясы жанындағы Қоғамдық кеңес көтерген мәселе оң шешімін тапты

Кеше өткен сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық

мәслихатының кезектен тыс он бірінші сессиясында бірқатар мәселелер қаралды. «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізіліп, көптен бері талқыланып келген мәселе – Сауран ауданы Ораңғай ауылында жаңадан ашылғалы жатқан мүгедектерді оңалту орталығының жұмысына қажетті қаржы бөлу ісі оң шешімін тапты.

Осыдан үш жыл бұрын қолға алынған нысанның құрылысына бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінген еді. Дегенмен, түрлі сылтаулармен құрылыс жұмыстары созылып, бұл орталықтың ашылуын асыға күтіп жүрген мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ашу-ызасын тудырды. Ерекше жандарға арналған оңалту орталығының құрылысы былтыр аяқталуы тиіс еді. Кейін «биыл ақпан айында ашылады» деген уәде берілді. Мамыр делінді. Ешқайсысы да орындалмады. Шенеуніктер мен мердігердің шалағай тірлігінен нысан әлі пайдалануға берілген жоқ.

Жыл басында құрылыс алаңына барып, мән-жайды тағы зерттеп, зерделей түстік. Бөлінген қаржыны дұрыстап игере алмай келген мердігер компанияның жүргізіп отырған құрылыс жұмыстарының сапасына талай рет сын айтылды. Орталықтың жұмысын жүргізу үшін қажетті құрал-жабдықтарға деп бөлінген қаржының бір бөлігін құрылыс жұмыстарына жұмсап жіберген. Облыстық құрылыс басқармасы да осы маңызды жобаның жүзеге асырылуын өз деңгейінде қадағалай алмай, біраз кемшіліктерге бой алдырды. Оңалту орталығының жобалық-сметалық құжатын жасауда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көптеген қажеттіліктері ескерілмегендіктен технологиялық жабдықтарға деп бөлінген қаржының қомақты бөлігі ЖСҚ-да қаралмаған қазаншұңқыр, ішкі әрлеу жұмыстары, сыртқы суғару, кондиционер жүйелерін орнатуға жұмсалып кетті.

Маңызды жобаның аяғы осылай сиырқұйымшақтанып, тығырыққа тірелгендіктен мәселені облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен мәслихаттың сессиясында қозғауға мәжбүр болдым. Өңір басшысы тікелей араласқан соң ғана сірескен сең қозғалып, оңалту орталығының құрылысын аяқтауға мүмкіндік туып отыр. Әлеуметтік маңызы зор орталықтың жұмысын жолға қоюға атсалысқан Дархан Амангелдіұлына мүгедектердің ерекше алғысын жеткізуді жөн санадым.

Бүгінгі сессия отырысында жаңадан ашылып отырған оңалту орталығының жұмысын жүргізуге бюджеттен 646,7 млн теңге бөлінетін болып шешілді. Бұл қаржы мүгедек жандарды оңалтуға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға, мекемені күтіп ұстау шығындары мен 2 дана автокөлік сатып алуға жұмсалмақ. Бұйыртса, бірнеше жылдан бері сақалды құрылысқа айналған оңалту орталығы енді кешікпей есігін ашып, жұмысын бастауын “Аmanat” партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және әлеуметтік қолдау жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы ретінде де айрықша қадағалауда ұстайтын боламыз.

 

ПІКІР ЖАЗУ