«AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен сайыс өткізілді

«AMANAT AQYLMAN» зияткерлер сайысының кезекті іріктеу ойындары – Бәйдібек ауданында өтті. Ақыл-парасатымен, ерлік істерімен елге ұйытқы болған тарихи тұлға – Бәйдібек Қарашаұлының есімін иеленген ауданда, көреген көсемдігімен ел жадында қалған тұлғаның бүгінгі ізбасарлары, білім мен білік, таным мен пайым, тағлым мен тәлім тұрғысындағы алғырлықтан жарысқа түсті.

Шайырлар елі Шаянның жастары өткізген интеллектуалдық сайысқа барлығы 12 команда қатысты. Облыс аудандары ішінде іріктеу кезеңінде бас біріктірген командалардың саны жөнінен, Бәйдібек ауданы, өзге аймақтармен салыстырғанда, оқ бойы оза шауып, жобаның ауқымына жастарды мейлінше көбірек қамтуға тырысқаны байқалды. Көркі қызған бәсеке-жарыстың ашылу рәсіміне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева қатысып, білімге ұмтылған, өрісті болуға талпынған, бойында бар қарым-қабілетімен алға басуды армандаған жастарға ізгі сөзін арнап, білім бәйгесінен үздік шығуларына тілектестігін білдірді.

Төрт кезеңнен тұратын сайыста, ақылмандар, туып өскен жердің тарихына қатысты сауалдарға жауап беріп, шежірелі өткені бар өлкенің тарихи оқиғаларымен байланысты білімдерін ортаға салды. Өнер саласына қатысты сауалдар топтамасында бәйдібектік жастар мәдени таным-түсініктерімен, салт-сананың ерекше қырларымен, әдет-ғұрып жоралғыларды білу жөніндегі пайымдарымен бөлісті. Партия қызметі, аманаттықтар басымдық етіп белгілеген бағыттар, партиялық жобалардың бағдарланған аудиториясы жөніндегі сауалдар да ойын қатысушыларына көптеп қойылды. Сондай-ақ, білімпаздар логикалық сауалдарға жауап беріп, тапқырлығы мен ой ұшқырлығы жөнінен жарысқа түсті.

Іріктеу ойындарының қорытындысымен, қазылар алқасының шешімі бойынша, «Тұран» командасы 3-орынды жеңіп алса, Бәйдібек аудандық аумақтық инспекция мекемесінің қызметкерлерінен құралған команда 2-орынға лайық деп танылды. Облыстық сайыста ауданның намысын қорғайтын команда ретінде, «ВВС» командасы танылып, іріктеу кезеңінің І-орынын иеленді. Жүлдегер командалардың барлығы қаржылай сыйлықтарға ие болды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ