Мақтааралда маңызды міндеттер пысықталды

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына келді. Партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік Жол картасына енген тармақтардың нақтылы іске асырылу барысы Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Насырханұлы Асановпен өткен кездесуде жан-жақты қарастырылды.

Партия өкілдері қабылдап, бекіткен кешенді іс-жоспарда Мақтаарал ауданы бойынша 2024 жылы барлығы 41 тармақтың орындалуы партиялық қадағалауға алынған болатын. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, межелі көрсеткіштердің нақтылы бесеуі ғана толығымен орындалған. Қалған тармақтардың іске асырылуы жыл қорытындысымен белгілі болмақ.

Тұрғындардың сұраныстары мен жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың жоба-жоспарларының негізінде түзілген Жол картасында, биылғы жылы, Мақтаарал ауданы бойынша 5 мектептің құрылысын жүргізу, 2 медициналық нысанды пайдалануға беру, 5 елді мекенді табиғи газға қосу, 4 мектептің қазандығын табиғи газға ауыстыру міндеттемелері белгіленген болатын. Осы жұмыстардың атқарылуы аудан басшысымен өткен жүздесуде талқыланып, таразыланды.

Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында партияның облыстық филиалының төрағасы аманаттық өкілдердің ерекше қадағалауына алынған нысан – «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде Атакент кентінде салынып жатқан 1500 орындық мектептің құрылысымен арнайы барып танысты. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның тапсырыс беруімен салынып жатқан заманауи білім ұясы – аудандағы ең үлкен білім беру ұйымдарының бірі болмақ.

«Bazis Construction» ЖШС-гі жүргізіп жатқан нысанда атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 45 пайызды ғана құрап отыр. Құрылыс алаңындағы штабта мердігер ұйымның өкілдерімен партия филиалы және аудан әкімдігімен бірлескен үш жақты кездесу өткізіліп, нысандағы құрылыс қарқынын арттыру мәселелері пысықталды. Құрылысқа қосымша жұмыс күшін тарту, қажетті құрылыс материалдарын жеткізудің тиімді тетіктерін қарастыру, ғимараттың дайындығын қамтамасыз етуде қосымша субподрядтық ұйымдарды тарту бойынша ұсыныстар беріліп, өзекті деген мәселелерді шешудің оңтайлы тетіктері талқыланды.

Партияның аудандық филиалында өткен кездесуде партияның аумақтық құрылымының төрағасы Мұхтар Сәрсенов партия филиалының атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Аудан әкімі мен партияның жауапты қызметкерлері қатысқан жиында партиялық қызметті ұйымдастырудың мәселелері, партия қатарын белсенді азаматтық қоғам өкілдерімен толықтыру, бастауыш партия ұйымдарының белсенділігін арттыру, партиялық жобаларды тиімді іске асыру міндеттемелері қарастырылды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ