Түркістан облысында “Түнгі қаладағы балалар” іс-шарасы жалғасуда

Түркістан облысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, түнгі уақытта көшелерде немесе ойын-сауық орындарында ата-аналарының қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтауға бағытталған “Түнгі қаладағы балалар” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.

Полицейлер қоғамдық көмекшілермен бірге саябақтарды, скверлерді, компьютерлік клубтарды, қараусыз қалған ғимараттарды, ойын-сауық орталықтарын және кәмелетке толмағандар баруы мүмкін басқа да орындарды тексеруде. Рейд барысында құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдер анықталып, полицияға жеткізілді. Ал олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

“Мәселен Түркістан қаласында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерде болуының 30-ға жуық фактісі анықталды. Жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескертулер жасалды. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша профилактикалық есепте тұрған 20-ға жуық кәмелетке толмаған мен 10 қолайсыз отбасы тексерілді. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған іс – шара алдағы уақытта да жалғасады”, – деп атап өтті Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Асқаров.

Айта кетсек, тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізеді. Ата-аналарға балаларының тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды, оларды қараусыз қалдырмауды ұсынады.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ