Түркістанда полицейлер мал ұрлығының алдын алу бойынша жиын өткізді

Түркістанда полицейлер мал ұрлығының алдын алу бойынша жиын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ердәулет Амантаевтың төрағалығымен мал ұрлығы қылмысының алдын алу бойынша арнайы жиын өтті. Жиынға облыс прокуроры мен полиция бөлімінің қызметкерлері және ветеринарлық қызмет пен мекеме, базар басшылары қатысты. Жиын барысында мал ұрлығына қатысты бірқатар өзекті мәселе қаралып, шешім жолдары талқыланды.
Жыл басынан бері өңірде ұрлық қылмысы жалпы қылмыс санының 12,9%-ын құраса, мал ұрлығы 1,9 пайызды құраған. Осы жылдың 6 айындағы қорытынды бойынша 50 мал ұрлығы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 47,4%-ға төмендеген. Жоғарыда айтылған 50 деректің қазіргі уақытта 29-ы ашылып, облыс аумағында мал ұрлығын “кәсіп” еткен 8 қылмыстық топ құрықталды. 18 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Аталған қылмыстық топтың нақты 12 мал ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Одан бөлек, 5 мал ұрлығын жасаған күдіктілер анықталып, оларға қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Қойшыбек мәлімдеді. Жиын барысында ауылдық округ әкімдеріне, тұрғындарға малды қараусыз қалдырмай, үнемі бақылауда ұстау, пайда арқылы мал бағудың тиімділігін түсіндіріп, арнайы бақташыларды шығару жөнінде ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ ветеринария мамандарымен бірлесіп, әрбір малдың нақты есебін жүргізу, малды таңбалау, сырғалау, ветеринарлық паспорттар беру жұмыстарын үзбей жүргізу жөнінде тапсырмалар жүктелді.

Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/turkistanda-politsejler-mal-urlyghynyng-aldyn-alu-bojynsha-zhiyn-otkizdi/

ПІКІР ЖАЗУ