2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы демографиялық трендтер, ұзақ мерзімді сын-қатерлер және олардың зейнетақы жүйесіне әсері

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2024 жылғы 1 қаңтарға ел халқының саны – 20 млн-нан асты. Бұл ретте жас топтары бойынша мынадай бөліністер байқалды: 25 жасқа дейін – 8,5 млн адам (42,6%), 25 жастан 65 жасқа дейін – 9,7 млн адам (48,5%), 65 жастан асқан – 1,8 млн адам (8,9%).
Қазақстанда халық саны 2050 жылдың соңына қарай 26,3 млн адамға жетеді деп болжануда.

Өмір сүру ұзақтығы және қарт адамдардың үлесі
Өмір сүру ұзақтығы (халықтың өлім-жітім деңгейі қарастырылып отырған жылмен бірдей болған жағдайда, адамның орташа өмір сүру ұзақтығының мәні) пандемия жағдайында (2020-2021) төмендегеннен кейін 2021 жылғы 70,23-тен 2023 жылы 75,09 жасқа дейін өсті.

БЖЗҚ-ның да, БҰҰ-ның да болжамдары өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына байланысты 2050 жылға қарай демографиялық қартаюдың жоғары деңгейі байқалатынын көрсетеді (60 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі 2008 жылғы 9,7%-дан 2023 жылы 13,6%-ға дейін өсті және осылай өсуін 2050 жылға қарай 16,7%-ға дейін жалғастыра бермек. Яғни 2050 жылға орта есеппен әрбір алтыншы қазақстандық 60 және одан жоғары жаста болады).

60 жастағы және одан асқан адамдар үлесінің нақты дерегі мен болжамы

Жиынтық туу коэффициенті

Халық құрылымына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – жиынтық туу коэффициенті (ЖТК). Ол бір әйелдің бала туу қабілеті бар кезеңде (яғни 15 пен 50 жас аралығында) орташа есеппен қанша рет босана алатынын көрсетеді.
2022 жылдан бастап бұл көрсеткіштің 2023 жылы 3,05-тен 2,96-ға дейін төмендеуі байқалды. БҰҰ болжамдарына сәйкес Қазақстандағы туу коэффициентінің 2050 жылға қарай бір әйелге шаққанда 2,42 балаға дейін одан әрі төмендеуі күтілуде.

Өздеріңіз байқағандай, пандемиядан кейін Қазақстанға келушілердің жыл сайынғы саны соңғы екі жылда 2 еседен аса өсіп, 2020 жылдан бері кеткендердің саны 2 есеге азайды.

Әлеуетті қолдау коэффициенті
65 жастағы және одан асқан адамдардың санына бөлінген еңбекке қабілетті жастағы адамдардың саны (25 жастан 64 жасқа дейін) ретінде есептелетін әлеуетті қолдау коэффициентінің төмендеуі байқалады.
Еңбекке қабілетті жастағы адамдардың (25-64 жас) зейнеткерлерге (65+ жас) арақатынасы 2012 жылғы 7,7-ден 2023 жылы 5,49-ға дейін төмендеді, БЖЗҚ мен БҰҰ болжамдарына сәйкес, Қазақстанда әлеуетті қолдау коэффициентінің 2050 жылға қарай шамамен 4,0-ге дейін төмендеуі жалғасады. Бұл еңбекке қабілетті халыққа түсетін “жүктемені” арттырады.

Әлеуетті қолдау коэффициентінің нақты дерегі мен болжамы

Қазіргі демографиялық трендтер мен ұзақ мерзімді сын-қатерлер қоғамға зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты маңызды міндет қойып отыр. Бұл міндетті дамудың демографиялық және экономикалық үрдістеріне неғұрлым тегеурінді бола алатын жинақтаушы зейнетақы жүйесі шешеді.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі азаматтарға еңбекке жарамды уақытында өздерінің зейнетақы жинақтарын табыстарына сәйкес қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігін мемлекет, азаматтар және жұмыс берушілер арасында қайта бөлу арқылы мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға және болашақта зейнетақы мөлшерін арттыруға ықпал етеді.
Осылайша, зейнетақы жүйесіндегі жинақтаушы құрамдауышты дамыту және нығайту оның орнықтылығын және демографиялық өзгерістерге бейімделуін, болашақтағы зейнеткер буынның жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етудің, қаржылық тәуекелдерді бейтараптандырудың негізгі факторы болып табылады. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде 5% мөлшеріндегі жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізу көзделген.

ПІКІР ЖАЗУ