Түркістан облысының прокуратурасы қаржылардың заңсыз жұмсалу фактілерін анықтады
Облыс әкімдігінің қаулысымен «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жасыл белдеу аймағын құру үшін орман қоры жерінен 103 га жер учаскесі тұрақты жер пайдалану құқығымен берілген.
Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы бюджет қаржысын тиімді пайдалану заңдылығына тексеру жүргізу барысында Мекеме басшылары тарапынан табиғи түрде жабайы жүзген, жыңғыл ағаштары өсіп тұрған жер учаскесіне қандай да бір жұмыстар жүргізілмегеніне қарамастан, 3 мыңға жуық сексеуіл ағаштары отырғызылғанын, жерсінуі 56 % құрағанын және бюджеттен 24 млн астам теңге жұмсалғанын растайтын құжаттарға қол қойылғанын анықтады.
Бұдан бөлек, егуге жарамсыз және тиімсіз жер учаскелеріне орман екпелерін отырғызу, суару, трансформатор орнату, тыңайтқыштарды шашу жұмыстарын жүргізу арқылы 1 млрд аса қаржыны тиімсіз жаратқан.
Қазіргі уақытта қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастырудың барлық мән-жайлары мен фактісін анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Аталған фактілер бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабымен 2 қылмыстық іс тіркеп, тергеп-тексеру үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс –қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментіне жолдады.