Бюджеттің миллиардтарын талан-тараж еткен кәсіпкерлер енді түрмеге қамалмайды

“Мал шаруашылығын дамыт!” деп берген қаражатқа сұлулық салонын ашқан шенділер мен жақын-жуықтарына мемлекет мейірімділік танытпақ.

Сенат “ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерін қылмыстық сипаттан арылту және ҚР заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” деген ұзақ атауы бар заң жобасын құптауға әзірленіп жатыр.

Бұл құжат Мәжілісте қызылкеңірдек айтыс-тартыс тудырды, депутаттық корпусты екіге жарды. Алайда қарсыласушы депутаттар тағы да табандылық танытпай, регламентке бағынып, ақыры мақұл деді. Дегенмен, депутаттардың көңілінде бәрібір күдік пен қауіп қалды.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталовтың айтуынша, бұл заң жобасына сәйкес, кәсіпкерлер бюджеттен миллиардтаған кредитті алаяқтықпен, мысалы, жалған құжаттар, көзбояушы мәліметтер ұсынып алса, сондай-ақ сол астатөк қаражатты нысаналы жеріне жұмсамай, басқа мақсатқа шығындаса, ол үшін бұдан былай қылмыстық жаза тартпайтын болады.

“Сол үшін қарастырылған жаза түрлері Қылмыстық кодекстен алып тасталады. Бізге таратылған заң жобасына негіздемеде бұл құрамдардың қоғамға үлкен қауіп төндірмейтіні және сотқа дейінгі тергеу практикасында кең таралмағаны көрсетілген. Бірақ Қылмыстық кодекстің бұл баптары жұмыс істемеді деген байлам қате, олар алдын алушы тетік рөлін атқарып келіп еді: ол үшін қылмыстық қудалау барын білгендер аяғын тарта басатын. Қылмысқа бармас бұрын адам он рет ойланатын. Енді бұл тетік жойылады”, – деді мәжілісмен.

Ол неге аққұла Қазақстан мұндай қадамға барып отырғанын түсінбейтінін білдірді. Өйткені экономикалық қылмыстар үшін қатаң жазалайтын дамыған елдерді айтпағанның өзінде, ТМД елдері, Әзербайжан, Беларусь, Ресей, басқасы бюджеттік кредитті заңсыз алу, мақсатты жеріне пайдаланбау үшін қылмыстық жауапкершілікті сақтады.

Сондықтан Никита Шаталов бұл бапты қылмыссыздандыру сайып келгенде, бюджеттік кредиттерді беру саласындағы қылмыстардың және алаяқтық қарекеттер санының күрт өсуіне соқтыратынын болжады. Өйткені бизнесті дамыту үшін бюджеттік кредит немесе субсидия түрінде бөлінетін миллиардтаған, болашақта триллиондаған ел қаржысының қалай жұмсалып жатқанын қадағалау қиындап, күрделеніп барады. Жауапты органдардың құзыры кем, әрі штаты шектеулі болғандықтан қаржы тасқынын толыққанды бақылауға шамасы жетпейді.

Сол кезде Антикор төрағасының бірінші орынбасары (бүгінде Үкімет басшысы) болған Олжас Бектенов төбе шашты тік тұрғызатын деректерді келтірді. Мысалы, Түркістан облысында асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға бөлінген 825 миллион теңге субсидия қаражат ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ 203 фирмаға берілген. Олар бұл ел қаржысына сұлулық салондарын, дәрі-дәрмек тарататын компанияларды, автомобиль жөндейтін “СТО”-ларды ашқан, пәтер мен жылжымайтын мүлік сатып алып, жалға берумен айналысқан.

Субсидия алу үшін фермерлер асыл тұқымды сиырлардың шағын бір табынын бір шаруа қожалығынан екіншісіне тасып, комиссияларға көз қылып көрсеткен, тек құлақтарындағы сырғаларын ауыстырып отырған. “Майласа” керек, сиырлардың ұқсас екеніне комиссия мүшелері, әкімдік өкілдері көз жұма қарап, қомақты субсидия беруді мақұлдап отырған.

“Жауапсыздық бюджет қаражаттарын талан-тараж етуге әкеліп, сала жемқорлардың жемсауына айналып кеткен. Өкінішке қарай, ашығын айту керек, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған субсидиялар жаппай ұрланған, мақсатты түрде қолма-қол қаражат ретінде шешіп алынған. Мал шарушылығын дамытуға тиіс субсидиялар сұлулық салондары мен фармкомпанияларға аударылған”, – деген еді сонда Олжас Бектенов.

“Біз осы заңмен бюджеттік несиені талан-тараж етуді, мақсатты жерінен басқаға шығындауды қылмыссыздандырып отырмыз. Таяуда Жоғарғы аудиторлық палатаның есебін тыңдадық. Ол есепке сәйкес, тек 2023 жылы бизнестің ірі 97 субъектісі бюджеттен мол заем алған да, ізінше банкрот болып, жабылып қалған. Салдарынан, ел бюджетіне миллиардтаған теңге шығын келді. Енді ол қарыздарды кімнің қалай қайтаратыны белгісіз. Жоғарғы аудиторлық палата болса, дабыл қағуда. Біз болсақ, бұл баптар үшін қылмыстық қудалауды жойып отырмыз”, – деді мәжілісмен Бақытжан Базарбек.

Айтқандай, жаңа Парламент осы депутаттық заң жобасы арқылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет экономикалық контрабандистерді де қылмыстық қудалаудан босатып отыр.

Мәжіліс депутаты Руслан Берденовтің түсіндіруінше, “Қылмыстық кодекстің 234-бабының бірінші бөлігі декриминализацияланғаннан кейін құны 74 миллион теңгеге дейінгі тауарларды заңсыз әкелген контрабандистер небары 185 мың теңге айыппұл төлеп, құтылады және кейіннен ешқандай жауапкершілікке тартылмай өз тауарын алып кете алады”. Жазадан осылай жеңіл құтылу үшін бұдан былай контрабандистер кеденнен заңсыз жүктерін бөлшектеп өткізетін болады.

Заң авторларының бірі депутат Абзал Құспан бұл заң жобасы Мемлекет басшысының  тапсырмасымен, бір  топ  Мәжіліс  және  Сенат депутаттарының бастамасымен дайындалғанын нақтылады.

ПІКІР ЖАЗУ