Түркістан облысына “тонналап” кірген қаржы неліктен ізім-ғайым жоқ болып кете береді

Мемлекеттік ресми статистиканың өзі өңірдегі тіксінтерлік кері өзгерістерді тіркеп жатыр.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, Қазақстанда ең көп сыбайлас жемқорлық жайлаған облыстардың тізімін 2023 жылы Қостанай және Түркістан облыстары бастады. Содан ба, сарапшылар Түркістан облысын “түпсіз құдыққа” теңейді. Бұл өңір – “тонналап” кірген ел қаржысы ізім-ғайым жоқ болатын “тылсым әлемге” ұқсайды.

Тіпті бертіндегі кезеңді алғанның өзінде, елде билік транзиті жүрген 2019 жылдан бері бір ғана Түркістан облысын дамытуға республикалық бюджеттен 3 триллион 555 миллиард теңгеден артық субвенция қаражат бөлініпті. Бірақ одан бұл өңірдің қарқынды дамып кеткені шамалы. Мұны Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысының дамуына қатысты есебі паш етті.

Жалпы, дәл Түркістан облысындай орталық бюджеттен орасан зор дотацияны бірде бір өңір алмайды.

Атап айтқанда, 2019 жылғы республикалық бюджеттен барлық өңірге берілген бүкіл 1 трлн 584 млрд теңге субвенцияның үштен біріне жуығы – 402 миллиард 300,5 миллионы жалғыз Түркістан облысына берілген.

2020 жылы бұл облысқа – 379 миллиард 908 миллион теңге субвенция бағытталды. Салыстырсақ, республикадағы сол кездегі №2 дотациялы өңір – Шығыс Қазақстан облысына 215 млрд теңге тиді. Өзге өңірлердің көбінің алған қаражаты жүз миллиардқа да жетпейді.

2021 жылы Түркістан облысы – 391 миллиард 668,5 миллион теңге дотацияға қол жеткізді. Оның ізін басқан ШҚО – 217,4 миллиардты, өзге өңірлер одан бірнеше есе аз қаржыны қанағат тұтты.

2022 жылы Түркістан облысы орталықтан көбірек қаржы – 402 миллиард 327,7 миллион теңге сұратып алды. ШҚО сол бұрынғы 217 миллиардын, басқасы – азын місе тұтты.

Облыстың “тәбеті” әрі қарай еселеп өсуін жалғастырды. 2023 жылы Түркістан облысы шығындаған дотация рекордтық 976 миллиард 724 миллион теңгеге жетті. Салыстырсақ, сол кездегі №2 дотациялық өңір Жамбыл облысына тигені – 405 млрд теңге.

Ал, биылғы 2024 жылы Түркістан облысына республикалық бюджеттен ел тарихында бұрын-соңды болмаған алапат дотация – 1 триллион 1,6 миллиард теңгеден көп қаражат шығындалмақ. Салыстырар болсақ, биылғы нөмір екінші дотациялық өңір Қызылорда облысының иеленгені – 433 млрд.

Айтқандай, 2005 жылы Қазақстанның бүкіл республикалық бюджеті қандай болса (1 трлн 230 млн теңге), қазіргі кезде бір ғана Түркістан облысы дотация түрінде сонша қаражатты шығындайды. Оның үстіне бұл – облыстың бүкіл шығыны емес, ол ағымдағы нысаналы трансферт, бюджеттік тапшылығын қаржыландыру және басқа түрінде қаражат алады.

Осы астатөк қаражаттың қайтарымы қайда? Әрбір түркістандық тұрғын араб шейхтарындай шалқып, ауқатты өмір сүруде ме? Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректері мұны жоққа шығарады. “Аспаннан шұға жауса…” дегендей, сорақысы сол, Түркістан облысында орташа жалақы – еліміздегі ең бір төмені екен.

ҰСБ дерегінше, Қазақстан бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2024 жылғы I тоқсанда 382 279 теңгені құрады. Түркістан облысында 2024 жылғы I тоқсанда қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 284 373 теңге ғана болды.

Статбюро мұндай жалақы түркістандықтардың көбіне арман екенін жасырмайды. Бұқараның шынайы табысы бұдан әлдеқайда төмен. Өткен жыл соңында, 2023 жылғы IV тоқсанда облыс халқының жан басына шаққандағы орташа табысы небәрі 103 516 теңге болды.

Ұлттық статбюро зерттей келе, бұл өңірде белең алған өзге де көңіл қобалжытарлық өзгерістерді тіркеді. Мысалы, Қызылорда облысы сияқты Түркістан облысынан да халық қашып жатқан көрінеді.

“Түркістан облысында биыл көші-қонның теріс айырмасы қалыптасты және ол 7 592 адамға жетті. Салыстырғанда, 2023 жылғы қаңтар-наурызда бұл облыстан көшіп кеткендер саны көшіп келгендерден 2 978 адамға ғана асып еді. Түркістандықтар шетелге де, Қазақстанның өзге өңірлеріне де кетіп жатыр. Олардың орнын атажұртқа оралған қандастар толықтырды. Сыртқы көші-қонда – 133 адамға оң көші-қон айырмасы (105 адам) қалыптасса, ішкі көші-қонда теріс айырма – 7 725 (былтыр 3 083 адам) адамға жетті”, – дейді бюро сарапшылары.

Алаңдатарлық басқа да жайттар жетерлік. Тұрмысының төмендеуі, баспанасыздық мәселесінің толық шешілмеуі, өңірді қымбатшылық жайлауы және басқа проблемалар ықпал етсе керек, кейінгі жылдары түркістандық аналар бала тууды азайта бастады.

Бұл теріс тенденция биыл да жалғасты. Халықтың табиғи өсімі өңірде 2024 жылғы бірінші тоқсанда 10 633 сәбиді ғана құрады (өткен жылдың сәйкес кезеңінде 11 031 бөбек дүниеге келген). 2024 жылғы қаңтар-наурызда жаңадан туылғандар алдыңғы жылғы сәйкес кезеңдегіден 2,1% кем болды. Өлген түркістандықтар саны 4,8% көбейген.

Облыстың тағы бір салада аутсайдерге айналғаны анықталды. Алыс шетел, жаһандық нарық түгіл, іргедегі елдерге өткізетін тауары да күрт кеміпті.

Ұлттық статбюро дерегінше, алдын ала деректер бойынша 2024 жылғы қаңтар-наурызда Түркістан облысының Еуразиялық елдермен өзара сауда-саттығы бар-жоғы 56,9 миллион доллар болды. Егер өңірде мықты бір компания болғанда, осынша табысты сол жалғыз-ақ табатын еді. Қалай болғанда, облыстың бұл көрсеткіші 2023 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда бірден 50,7%-ға азайды.

Оның ішінде түркістандық экспорт – 15,2 млн доллар ғана болып, алапат 83,4%-ға құлдырап кетті. Ал, сырттан тасыған импорты – 41,7 млн долларға жетіп, керісінше, 75,3%-ға өсті.

ПІКІР ЖАЗУ