Астанада Елорда күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды
Елорда күніне орай «Жастар» сарайында «Жан жүрегім – Астана» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Концерт елорданың мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Бүгінгі іс-шара қала күніне орай ұйымдастырылды. Зал толы болды. Әртістеріміз көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қала тұрғындары да шат-шадыман күй кешті. Баршаңызды Астана күнімен құттықтағым келеді. Астана – еліміздің ең үлкен жетістіктерінің бірі. Аз уақыт ішінде ол Қазақстанның әдемі және баға жетпес символына айналды. Біздің арайлы Астанамыз өркендей берсін!, – деді «Жастар» сарайының директоры Мәди Тайпин.
Іс-шарада елордалық «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Серпер» домбырашылар ансамблі, ҚР Ұлттық ұланының ерлер хоры өнер көрсетті.
Сонымен қатар бағдарламаға «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының иегері Дәурен Төлеубаев және халықаралық байқаулардың лауреаттары Өнер Құлов, Татьяна Ким, Зарина Божакова, Әлібек Әлмадиев қатысты.
«До Star» заманауи вокал мектебінің жас қатысушыларының музыкалық композицияларының орындалуы көрермендерді қуанышқа бөледі. Сондай-ақ «ТЕРРА» би театрының ұжымы хореографиялық жағынан өнерін паш етті.
Бүгінгі концерттің мақсаты елорда тұрғындары мен қонақтарына тамаша кеш сыйлау болды. Оркестрдің сүйемелдеуімен жанды концерт көрермендерге мүлдем басқа эмоция сыйлады. Зал толы болды, концертке 700-ден астам көрермен келді, – деді «ТЕРРА» би театры кәсіби ұжымының жетекшісі Дильбар Садыққызы.
«Жастар» сарайының директоры Елорда күніне орай басқа да іс-шараларды өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. 5 шілдеде «Mereily Family-2024» және «Аялаған Астана» байқаулары өтеді. 7 шілдеде «Кіру коды» спектаклі өтеді.