Қарағандыда медициналық кадрларды даярлауға 700 грант бөлінді

 Қарағанды облысының колледждерінде медициналық кадрларды даярлауға 700 грант бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қарағанды облысының колледждері мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша көбірек мамандар даярлайтын болады. Басым назар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға беріледі. Биыл медициналық мамандықтар бойынша тегін оқуға 700 адам қабылданады.

Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті XV сессиясында білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова мәлімдеді.

Облыста 54 колледж жұмыс істейді, онда 33 386 студент оқиды. Жаңа оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысын 9 244 орынға жеткізіп, тағы 1 100 орынға немесе 11%-ға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Алғаш рет медициналық мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға 700 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады, – деді спикер.

Құжаттарды қабылдау 25 маусымда электрондық үкімет порталы арқылы және колледждердің өзінде басталады. Талапкер төрт мамандық пен төрт колледжді таңдауға құқылы.

Сессияда білім беруді жақсарту мәселелері, осы саладағы бар проблемалар және оларды шешу жолдары қаралды. Бұған дейін депутаттар бүкіл аймақ бойынша көптеген мектептерді, балабақшалар мен колледждерді аралап, олардың жағдайын бағалады.

Депутаттар кадрларды тарту, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жыл сайын білім беру саласының бюджеті өсуде. Биыл 23 білім беру нысанын күрделі жөндеу жоспарланған, ағымдағы жөндеуден 152 мекеме өтеді.

Дегенімен, шамадан тыс жүктеме, балабақшаларда орын тапшылығы проблемалары да бар. Халық қалаулылары көптеген жыл бойы жөндеу және абаттандыру жүргізілмеген, оқу жабдықтары жаңартылмаған нақты мекемелерді атады. Олар білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін өз ұсыныстарын ортаға салды.

Мәселен, депутаттар мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға қосымша корпоративтік балабақшалар құруды ұсынды. Онда жұмыс істейтін ата-аналар балаларды күні бойы немесе уақытша, бірнеше сағатқа қалдыра алады. Колледждерде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ресурстық орталықтар ашу қажеттігін жеткізді. Жалпы, депутаттық жұмыс тобы мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру бойынша үш бөлек перспективалық жоспар әзірлеуді ұсынды.

Сессияда сондай-ақ 2024 жылға арналған облыстық бюджетке өзгерістер бекітілді. Соның ішінде білім беру, сондай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет, спорт сияқты басқа да әлеуметтік салалардың қажеттіліктеріне ақша қосылды.

Сонымен қатар депутаттар облыстық бюджеттің атқарылуы және өңірдің 2023 жылға арналған даму жоспары туралы есептерді бекітті.

ПІКІР ЖАЗУ