Түркістан облысының полицейлері оқушыларға қауіпсіздік шаралары туралы айтты
Түркістан облысының полицейлері оқушылармен қауіпсіздік шаралары туралы кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz. ҚР ІІМ тапсырмасымен өңірдегі білім ұйымдарында “Кәмелетке толмағандардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру” мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен қауіпсіздік сабақтары өткізу ұсынылды. Осы бағытта Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері мен “Жастар ресурстық орталығы” инспекторлары бірлесіп, облыс орталығындағы бірқатар мектептерде іс-шара ұйымдастырды. Атап айтсақ, Ш.Ниязов, Ө.Жәнібеков атындағы мектептердің 8-11 сынып оқушыларына “Оқушылардың қауіпсіздік шаралары” тақырыбында жиналыс өтті. Жиында полиция қызметкерлері жолдағы қауіпсіздік, электр самокаттары мен электр көліктерін пайдалану талаптары, жасөспірімдердің қылмыстың құрбаны болмау шаралары, жазғы демалыс уақытында суға шомылудың ережелері, лудоманияның зияны туралы ескертті. Сондай-ақ көшеде, үйде және қоғамдық орындардағы жүріс-тұрыс ережелерін сақтау мәселесі, оқушылар арасындағы қудалау – буллинг, кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлық мәселесі, төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, оқушыларға арнайы дәріс өткізілді.
Полиция қызметкері Б.Ташимов облыс бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтардың статистикасына тоқталып, алдын алу, болдырмау мәселелеріне тоқталды. Оған қоса жасөспірімдерге түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүрмеулерін ескертті. Мектептің ішкі және сыртқы тәртібін сақтап, бос уақытты тиімді пайдалануды тапсырды. Іс-шара соңында полиция қызметкерлері бейнероликтер ұсынып, оқушылардың сұрақтарына жауап берілді.
Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында