Түркістан: сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті

Бүгін Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев және өзге де құқық қорғау органдарының басшылары, аудан, қала әкімдері қатысты. 

 ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Нұрлан Құдайбергенов саладағы өзекті мәселелерді қозғады. Осыған байланысты Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың баяндамасы тыңдалды. Спорт саласындағы кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Мәжілісте Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына енгізілген өңірдегі апаттық және тозығы жеткен тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйі, коммуналдық шаруашылық бағытындағы өзекті мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да талқыланды. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, Жалпы облыс аумағында 1 708 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның ішінде 10 үй апатты жағдайда. Бұл үйлердің мәселесін шешу жолдары қаралуда.

Жиынды түйіндеген облыс әкімі Дархан Сатыбалды талқыланған мәселелер мен кемшіліктер бойынша басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар беріп, жұмысты ширатуды тапсырды. Мемлекет қаржысын өз мақсатында тиімді жұмсау және үнемдеу, жұмыстарды сапалы атқару, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

ПІКІР ЖАЗУ