Созақ ауданында кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы ашылды

Бүгін Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылындағы Жібек жолы-2 көшесінің бойынан 1 маусым  – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорнының демеушілігімен салынған кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді.

Спорт нысанының ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков шараға жиналған тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жас бүлдіршіндерге мерекелік тілегін арнады. Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев ауыл жастары спортты жанына серік етіп, жаңа нысан тәнін шынықтыратын орынға айналатынына сенімін білдірді.

Шолаққорған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Созақ ауданының Құрметті азаматы Бүркіт Арынбеков аудан көлемінде түрлі сала бойынша атқарылып жатқан жұмысарға тоқталып, ізгі тілегін арнады. Спорт ардагері, ауыл қариясы Талымов Жолдасбек игі істі атқарған азаматтар мен нысанға демеушілік танытқан «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорнына алғыс айтып, батасын берді.

Айта кетейік, қазіргі таңда аудан жастары спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді пайдалануға қолайлы жағдайлар қарастырылуда. Өткен жылдан бері ауданда футбол, баскетбол, волейбол алаңшасы мен «Street workout», балалар ойын алаңшасы, 1000 орындық жаңа стадион және жабық үлгідегі футбол алаңдары пайдалануға беріліп, жалпы  спорт саласы бойынша 9 нысан ел игілігіне ұсынылды.

Биыл Қарақұр ауылында заман талабына сай жабдықталған жабық үлгідегі футбол алаңының құрылысы басталды. Жабық алаң кез-келген мезгілде доп тебуге ыңғайлы етіп жабдықталады.  Алдағы уақытта бұндай нысан кезең-кезеңімен барлық ауылдық округтерде бой көтермек.

ПІКІР ЖАЗУ