Жетісуда биыл 17,5 км жылу, 1,1 мың км электр желілері жөнделеді

Бүгін Жетісу облысы әкімдігінің отырысында өткен 2023-2024 жылғы жылыту маусымы қорытындыланып, мерзімді лайықты деңгейде өткізген аудандар мен сала мамандары марапатталды. Соның ішінде Панфилов ауданына фронталды тиегіш трактор, Ескелді ауданына аспалы жабдықты трактор, ал Ақсу ауданына вакуумдық машинасы тарту етіліп, коммуналдық қызметтегі бірқатар мамандарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар берілді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев төрағалық еткен отырыста облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов баяндама жасады. Ол өткен жылыту маусымының қорытындылары және алдағы 2024-2025 жылғы жылыту маусымына дайындық мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Баяндамашының сөзіне сүйенсек, Жетісу облысында алдағы жылыту маусымына дайындалу мен оны өткізу үшін жергілікті бюджеттен 10,9 млрд.теңге, кәсіпорындардың өз қаражатынан 2,1 млрд. теңге көзделген. Соның 3,9 млрд. теңгесі жылумен жабдықтау нысандарын жөндеуге қарастырылса, 7 млрд. теңге отын сатып алуға жұмсалады. Орталық қазандықтарда 2 турбинаны, 40 қазандықты, 17,5 км жылу, 1,1 мың км электр желілерін және әртүрлі кернеудегі 134 трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу межеленген. Осылайша жалпы жыл қорытындысы бойынша электр желілері мен құрылғыларының тозуын 2,4%-ға төмендету жоспарланып отыр.

Биыл Үшарал, Үштөбе қалаларындағы қазандықтардың құрылысы мен жөндеуі, Текелі қаласы «Алатау» шағынауданындағы 17 км жылу желілері қайта жаңғырту жобасы қолға алынады. Сонымен қатар Талдықорған қаласындағы «Басқуат» қазандығын қайта құру жұмыстары жүргізілгенге дейін жүктемені азайту бағытында бірқатар шаралар қабылданады.

– Энергия беруші ұйымдар үшін жылыту маусымына 370 мың тонна көмір және 9,6 мың тонна мазут дайындау жоспарлануда. Сондай-ақ 1 682 көп қабатты тұрғын үй және 1 330 бюджеттік сала нысандары жылыту маусымына дайындалуы тиіс. Қазіргі уақытта бюджеттік ұйымдар үшін 15,4 мың тонна көмір, 4,2 мың тонна пеллет және 10,7 млн. литр дизель отынын сатып алудың конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Сонымен қатар халыққа көмір жеткізудің ай сайынғы жоспары жасалды. Облыс халқының жалпы қажеттілігі 428,5 мың тоннаны құрап отыр. Жалпы, алдағы 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда және мерзімінде жүргізілетін болады, – деді Ә. Қанағатов.

Мұнан соң Әлібек Жақанбаев Текелі қаласының, «Талдықорғанжылусервис» мекемесінің маусымға дайындық барысы туралы хабарламаларын тыңдады. Сонымен бірге коммуналдық қызмет бойынша дебиторлық қарызы ең көп сала ретінде денсаулық сақтау және білім басқармаларының басшылығына төлем жұмыстарын ширату туралы ескертті.

– Алдағы жылыту маусымына дер кезінде, әрі сапалы дайындалуымыз керек. Облыс әкімінің тапсырмасына сай, бірінші қыркүйекке дейінгі мерзімде білім беру объектілері, бірінші қазанға дейін денсаулық сақтау объектілері толық дайын болуы тиіс. Орталық қазандықтардағы отынның нормативтік қорын дер кезінде қалыптастырып, коммуналдық кәсіпорындардың, инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің, тұрғын үйлердің толық дайындығы қамтамасыз етілсін. Халыққа отын жеткізуді ұйымдастыру шараларын уақытылы атқарыңыздар. Жалпы, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары облыстық штабтың тұрақты бақылауында болады, – деді Ә. Жақанбаев.

Жиын соңында өткен жылғы жылыту маусымын лайықты деңгейде өткізген аудандар қатарында Панфилов, Ескелді, Ақсу аудандары марапатталып, оларға коммуналдық салаға арналған техникалар тарту етілді. Оған қоса коммуналдық сала мамандарына және қысқы мезгілде автожолдарда қар құрсауынан және басқа да ауа райына байланысты туындаған қолайсыздықтардан жолаушыларды құтқару жұмысына белсене қатысқан төтенше жағдай саласының қызметкерлеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, сол сияқты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп  комитеті төрағасының, Жетісу облысы әкімі орынбасарының алғыс хаттары, 50 және 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық сертификаттары мен естелік сыйлықтар табысталды.

ПІКІР ЖАЗУ