Тоқаев: Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатыр. Апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды, – деді Тоқаев.
Президент Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылғанын айтты.
Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі. Мен Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына арнайы бардым. Кездесу кезінде жұртшылық Ассамблея мүшелеріне зор ризашылық білдірді, – деді ол.
Ол бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінетінін айтты.
Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді, – деді Мемлекет басшысы.