СҚО-да 700-ден астам әскери қызметші тасқын сумен күресуде
Өңірде су деңгейінің күрт көтерілуінен Есіл өзенінің “Хромзавод” шағын ауданы маңындағы бөгетті тасқын су шайып кетті. Соның нәтижесінде 114 тұрғын үй су астында қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі сәтте Қарулы күштердің әскери қызметшілері Төтенше жағдайлар және полиция департаменттерінің мамандарымен бірлесіп, Петропавл қаласы маңындағы былғары зауыты ауданында эвакуациялық жұмыстар жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар әскерилер қаптарға құм салу, ықтимал су басу учаскелеріне тосқауылдар қою, бөгеттерді нығайту, гуманитарлық көмекті жеткізу және түсіру жұмыстарымен айналысуда. Олар Бескөл, Үлкен Малышка, Борниевка, Далмовка және Тепличный елді мекендерінің тұрғындарын эвакуациялауға көмектесті.
Әскерилердің көмегімен қапшықтарды толтыру, Петропавл маңындағы айналма жолды нығайту және Заречный кентіндегі бөгетті бекіту жұмыстары жүргізілуде. Бескөл және Мичурин ауылдарында құм салынған қаптар төселіп жатыр
Құтқару жұмыстарына “Астана” ӨңҚ, 68665 әскери бөлімінің және Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері тартылған.
Апатпен күреске 27 наурыз бен 12 сәуір аралығында Қарулы күштердің 4 959 әскери қызметшісі, 170-тен астам автомобиль техникасы, 11 тікұшақ, 5 әскери-көліктік ұшағы жұмылдырылды. 2 724 жергілікті тұрғын эвакуацияланып, 828 адам және 136 тоннадан астам жүк тасымалданды. 352 600-ден астам қап құм дайындалып, төселді.