Жетісуды дамытудың перспективалы бағыттарындағы маңызды жобалар
Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Сарқан ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Ол өз сөзінде өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз ететін басты бағыттарды атап өтті. Бұл ретте аграрлық Сарқан ауданының да қосатын үлесі елеулі болмақ. Атап айтқанда, аймақтың туризм саласы мен көліктік-логистикалық әлеуеті зор. Сонымен қатар өңір басшысы бұл жоспарды іске асыру үшін бірінші кезекте инфрақұрылымды дамытуға назар аудару қажет екенін, бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасына оң әсерін тигізетінін атап өтті. Мәселен, екінші жартыжылдықта «Талдықорған – Үшарал» магистралдық газ құбырының құрылысы басталады. Осы ауқымды жобаны іске асырудың арқасында Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарының 66 елді мекенінің 124 мың тұрғыны табиғи газға қол жеткізе алады. Атап өтсек, өткен жылы өңірдің 9 елді мекеніне көгілдір отын жеткізілген, ал биыл тағы 30-ы газбен қамтылады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес облыстың аудандары мен қалаларының тұрғындарымен кездесулер жылына бір рет өтетінін айта келе, облыс әкімі Бейбіт Исабаев қол жеткізілген әлеуметтік-экономикалық өсімнің негізгі көрсеткіштеріне және өңірді дамытудың перспективалық бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, биыл ауыл шаруашылығында егіс алқабы 10,1 мың гектарға және мал шаруашылығы өнімін өндіру 1,4%-ға ұлғайтылатын болады. Тауарлы сүт фермаларын, бордақылау алаңдарын қоса есептегенде, 4,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, 11 жаңа нысанды іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде биыл 7 нысанды пайдалануға беру және іргесін кеңейту, сондай-ақ бірқатар жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толық қуатына шығару және жұмыс істемей тұрған бір кәсіпорынды іске қосу межеленген.
Осы орайда облыс әкімі туризм саласы Жетісу облысын дамытудың бұрын тиісті деңгейде назар аударылмаған перспективалы бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Сарқан ауданының мысалында нақты айтатын болсақ, бұл аймақта тау туризмі мен Балқаш көлінің жағалауын дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Биыл біз Балқаш жағалауында инженерлік-коммуникациялық желілерді, соның ішінде электр және су желілерін сала бастаймыз. Құрылысты осы жылдың ІІ жартысында бастауды жоспарлап отырмыз. Ол биыл республикалық бюджеттен 2,2 млрд. теңге бөлінді. Қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізілгеннен кейін біз жағалауға заманауи демалыс аймақтарын салатын инвесторларды тартамыз. Қазір «Балқаш» туристік-рекреациялық аймағының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы дайындалуда. Лепсіден Балқаш көлінен дейінгі жол құрылысының ұзаққа созылған жобасы аяқталуға жақын қалды. Бүгінгі таңда жол қозғалысы ашық, шомылу маусымы басталғанға дейін абаттандыру жұмыстарын аяқтаймыз. Алматы-Өскемен тас жолынан Лепсіге дейінгі қалған 110 шақырымның 52 шақырымына екі қабат асфальт төселді, қалған 58 шақырымын асфальттың төменгі қабатымен биыл ашамыз деп жоспарлап отырмыз», – деді Б. Исабаев.
Өңірдің көлік-логистикалық және транзиттік әлеуетіне келетін болсақ, бұл ретте облыстың Қытаймен көршілес орналасу үлкен перспективаларға жол ашып отыр.
– «Достық – Мойынты» темір жолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр, жобаның 325 шақырымы облыс аумағы арқылы, соның 150 шақырымы Сарқан ауданының аумағы арқылы өтеді. Бұдан басқа, бүгінгі күні «Достық» станциясында «Достық – Алашанькоу» шекаралық өткеліне жақын жерде көпфункционалды жүк тасымалдау терминалы салынды, оның өткізу қабілеті жылына 2 млн.тонна немесе 180-200 мың контейнер. Сондай-ақ, өткен жылы «Ett Dostyk» ЖШС мультимодалды теміржол көліктік-логистикалық орталығының құрылысы аяқталды. Құрғақ порттың және жалпы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы эконмикалық аймағының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, инвестиция тарту белсенді жүргізілуде. Соның нәтижесінде «Қазақстан-Қытай» халықаралық өнеркәсіпті к қаласы» жобасының құрылысы басталды, – деп атап өтті облыс әкімі.
Бейбіт Исабаев газдандыру мәселесіне де тоқталды. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын салу жобасының аясында ауданның 18 елді мекенінің 35 мыңға жуық тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізе алады. Құрылысты биылғы жылдың ІІ жартысында бастау жоспарланған. Жоба 3,5 жыл ішінде іске асырылмақ, осы уақыт ішінде Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарының тұрғындары газбен қамтамасыз етіледі. «Бұл жалпы құны 100 млрд. теңгеден асатын қымбат, аса ауқымды жоба, соның 20 млрд теңгесі Президенттің халықты газбен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде республикалық бюджеттен бөлініп отыр. ЖСҚ-сы дайын, мемлекеттік сараптама нәтижелері бар. Осы жылдың ІІ жартысында құрылыс басталады деп жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Б.Исабаев.
Әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінбек. Мәселен, өткен жылы облыста 24 ветеринариялық пункт салынды, тағы 23-ін биыл, 25-ін келесі жылға енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ ветеринарлар үшін 20 автокөлік сатып алынды, биыл тағы 10 автокөлік сатып алынады. Айта кетсек, бұған дейін аймақта тек 5 ветпункт болған. Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмайды. Мысалы, 2022 жылы облыста 12 блокты-модулді пункт салынса, өткен жылы 22 пункт іске қосылды, бұл ретте тағы 28 пункт тұрғызылады деп жоспарлануда. Бейбіт Өксікбайұлы Сарқан ауданы Черкасск ауылында сәуір айының соңына дейін дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілетінін де жеткізді. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен биыл Абай және Аманбоктер ауылдарында жалпы құны 100 млн. теңге болатын блокты-модулді медициналық пункттер орнатылады. Ауданға медициналық жабдықтар сатып алуға 135 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ өткен жылы ауданға 3 санитарлық автокөлік бөлінсе, биыл тағы 4 автокөлік сатып алынады. Осы жылдың қараша айына дейін орталық аудандық аурухананың инфекциялық бөлімшесінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады, оған жергілікті бюджет қаражаты есебінен 238,2 млн. теңге бөлінген болатын. Сонымен қатар Сарқан аудандық ауруханасының базасында 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған екінші мамандандырылған оңалту орталығын ашу жоспарлануда.
Кадр тапшылығы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Ауылдарында терапевт дәрігердің жоқтығына шағымданған Қойлық ауылы тұрғынының сұрағына жауап берген облыс әкімі Бейбіт Исабаев биыл өңірге 70-ке жуық медициналық маман келеді деп жоспарланғанын, олардың басым бөлігі дәрігерлер екенін айтты.
– Кадр тапшылығы проблемасын шешу үшін біз осы жылдан бастап облысымызға ауылдық жерге келген әрбір дәрігерге 10 млн.теңге, ал қалалық жерге келген дәрігерлерге 5 млн. теңге көлемінде көтерме ақы төлеу туралы шешім қабылдадық, бірақ бұл дәрігер сол орында кемінде 5 жыл жұмыс істеуі керек. Тек осындай қолдау шараларының арқасында ғана кадр жетіспеушілігі мәселесін шешуге болады, – деді облыс басшысы.
Сарқан ауданы үшін ауыз судың сапасына қатысты көп жылдан бері өзекті болып келе жатқан проблема шешіледі. Ауданның 36 елді мекенінің 28-і немесе 78%-ы орталық сумен қамтамасыз етілген. Сарқан қаласының ауыз суы әлі де өзекті мәселе. Бұл мәселені шешу үшін негізгі бастоғанды ағымдағы жөндеуден өткізудің ЖСҚ-сы әзірленіп, құрылыс-монтаждау жұмыстарына 283,9 млн.теңге қарастырылды. Құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған. Аудан орталығында жылумен жабдықтау сапасы да жақсарады. Өткен жылы қаланың 2 қазандығы ауыстырылды, бұл шара абоненттер санын көбейтуге мүмкіндік береді. Сарқанда тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының жоқтығына байланысты осы мәселені шешу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шілде айының соңында шығады деп күтілуде.
Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де маңызды. Биыл Сарқан ауданында 14,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, оның 10,2 мың шаршы метрі бюджет есебінен беріледі. Атап айтқанда, қазір салынып жатқан 60 пәтерлі жалға берілетін екі үйді қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өткен жылдың қыркүйек айында басталған жалпы құны 868 млн. теңгеден асатын 60 пәтерлі жалгерлік жеті үйдің инженерлік-коммуникациялық желілері салынуда. Сондай-ақ 16 га алаңдағы 105 учаске үшін инженерлік желілер салудың ЖСҚ-сы әзірленуде, сараптаманың қорытындысын алу мерзімі – 2024 жылғы шілде. «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін кезең-кезеңімен шешу үшін біз бірден көп пәтерлі үйлердің құрылысын алдын ала жоспарлау үшін инженерлік-коммуникациялық жүйелерді салудың үлкен жоспарын жасадық, бұл ауданға да, жалпы өңірге де қатысты», – деп атап өтті Б.Исабаев.
Өз сөзінде өңір басшысы білім беру, мәдениет, спорт салаларын дамытуға, жолдарды жөндеуге, сондай-ақ өткен жылдың шілде айындағы соңғы кездесуде аудан халқы көтерген проблемалық мәселелердің шешілу барысына да тоқталды. Жер мәселесі жайлы айта келіп, ол биылғы жылы ауданда халықтың өтінішін ескере отырып, республикада алғаш рет пилоттық режимде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді бөлу конкурсының барынша ашықтығын қамтамасыз ету және адами факторды толық жою мақсатында электрондық форматта өткізілетінін атап өтті.
Кездесуді қорытындылай келе, облыс әкімі жергілікті атқарушы органдар мен халықтың үйлесімді жұмысының арқасында Сарқан ауданы өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жағынан Жетісу облысының үздік аудандарының біріне айналғанын атап өтті. Мысалы, ауыл шаруашылығында өсім 102,4%, өнеркәсіпте – 109,7%, инвестиция тартуда – 115,5%, құрылыста 233,9% көрсеткішке жеткен.
Бейбіт Исабаевтың айтуынша, алдағы уақытта аудан басшылығы топырақтың құнарын тиімді пайдалана отырып, алма өсіру мен өңдеу, сүт және ет өндірісін дамыту мәселелерін шешуі қажет. Қызылша саласына көп көңіл бөлу керек, өйткені Сарқан ауданы – облыстың қызылша өсіруге бейімделген табысты аудандарының бірі. Мәселен, өткен жылы ауданда қызылшадан 63 мың тонна өнім алынып, 484,5 ц/га жоғары өнімділікке қол жеткізді, ал облыста бұл көрсеткіш – 431 ц/га. Бұл ретте биыл ауданда қант қызылшасын 2,5 мың га егу жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Қант қызылшасын себу үшін 63 шаруашылық 3,5 мың тұқым себуге өтінім берген. Қызылша бағытындағы 8 жаңа сервистік-дайындау орталығына 62 бірлік техника сатып алуға бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде 14 бірлік техника Сарқан ауданына беріледі. «Қажетті жағдайлардың бәрі бар, сондықтан аудан әкімі қызылша шаруашылықтарының жұмысын тиімді ұйымдастырып, қант қызылшасының жоспарланған көлеміне қол жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс», – деді аудан әкімі Ғалымжан Маманбаевқа тапсырма берген Бейбіт Исабаев сөзінің қорытындысында.
Мұнан соң аудан тұрғындары облыс әкіміне сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, Сарқан қаласының аумағындағы жайылым тапшылығы, Ақтұма ауылында мектепті жөндеу туралы мәселелер көтерілді. Ал Қойлық ауылының тұрғыны жер мәселесін шешуге көмек көрсетуді сұрады, қолында өз пайдасына шығарылған сот шешімі болғанымен, мәселе әлі шешілмеген. Барлық сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктелді.
Осы күні облыс әкімінің Сарқан ауданының тұрғындарымен кездесуі облыс әкімдігінің Инстаграмдағы @Jetisu_akimdigi ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Атап өтсек, Сарқан ауданына жұмыс сапары аясында Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, ауданның бірқатар кәсіпорындарын, атап айтқанда, «Sairanbek Agro» ЖШС тұқым шаруашылығын, Германия, АҚШ, Ресейдің жетекші фармацевтикалық компанияларымен ынтымақтастық тәжірибесі бар, дәрілік шөптерді өсіру, жинау және қайта өңдеу бойынша экспортқа бағдарланған еліміздегі жалғыз кәсіпорын «Azia Gold» ЖШС-ны аралады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.