Астанада автобус жолақысы қанша теңгеге қымбаттайды

 Елордалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту департаментінің басшысы Асхат Қарағойшин қоғамдық көлікте жол жүру құнын арттыру жоспары туралы айтып берді.

«Соңғы 10 жылда тасымалдаушылардың шығындары айтарлықтай өсті. Мысалы бұрын дизель отыны 107 теңге болса, қазір 295 теңге тұрады. Яғни, бағасы 275 пайызға өсті. Автобус құны мен жүргізушілердің жалақысын қоса алғанда, басқа шығындар бойынша осыған ұқсас жағдай қалыптасты. Қазір Астанада жол жүру құны қолма-қол ақшасыз — 90 теңге, қолма-қол төлеу кезінде — 180 теңге. Мысалы, Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру құны қолма-қол ақшасыз — 100 теңге, қолма-қол төлеу кезінде — 200 теңге. Ақмола облысында қоғамдық көлікте жол жүру тарифі қолма-қол ақшасыз тәсілмен — 100 теңге, қолма-қол ақшамен — 180 теңге. Қостанай облысында жол жүру құны — 100 теңге, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде — 170 теңге», — деп мысал келтірді спикер қалалық қоғамдық кеңес отырысында.

Оның айтуынша, қазіргі тариф сақталған жағдайда субсидиялар мөлшері жылдан жылға артып келеді.

«Өткен жылы субсидия 34 млрд теңгені құраса, қазір 38 млрд теңгеге дейін өсті. Осыған байланысты 2024 жылы біз қоғамдық көлікте жол жүру құнын қолма-қол ақшасыз есеп айырысу кезінде 110 теңгеге дейін және қолма-қол 220 теңгеге дейін арттыруды ұсынамыз. Бұл ретте субсидия сомасы 2024 жылы 3 млрд теңгеге төмендейді», — деп толықтырды спикер.

ПІКІР ЖАЗУ