Жетісуда биыл 2,5 мың тонна көлемінде элиталық тұқым себіледі

 Жетісу облысында егіс алқаптарында қолданылатын элиталық тұқым үлесін 2,6% жеткізу межеленген. Ол үшін 2,5 мың тонна көлемінде элиталық тұқым себілмек, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, биылғы өнімге қажетті 57,7 мың тонна жаздық дақылдар тұқымы даярланып, сапасы зертханалық тексеруден өткізілуде. Бүгінгі күнге зерделенуге жататын 33,4 мың тонна жаздық дәнді-дақылдар тұқымының 29,4 мың тоннасы тексеруге түсіп, соның 25 мың тоннасының сапасы анықталған.

Жоспарға сәйкес қолданылатын элиталық тұқым үлесін 2,6% жеткізуіміз қажет. Ол үшін 2,5 мың тонна көлемінде элиталық тұқым себіледі, Соның ішінде дәндік жүгері, бидай, арпа, соя, күнбағыс, қант қызылшасы, азықтық дақылдар, картоп тұқымдары бар. Осы мақсатта Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты тұқым өндірушілермен және өткізушілермен тығыз байланыста жұмыс атқаруда. Облыстың аудандарда өткізіліп жатқан семинар жиындары барысында қолда бар жоғары репродукциялы ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын шаруашылықтардың назарына ұсынып келеміз. Өйткені өнімнің шығымы жақсы болуы үшін тұқым сапалы болуы аса маңызды, – дейді Н. Кененбаев.

Оның айтуынша, бекітілген кестеге сәйкес бүгінгі күнге 76 шаруашылыққа 1548 га жететін жалпы 2234 себу бірлігі таратылды. Берілген өтінімдерге сәйкес 13,5 мың гектарға жететін қант қызылшасының тұқымы жеткізілді. Шаруашылықтарды қажетті тұқыммен Көксу қант зауыты мен «Жетісу» ӘКК облыс де қамтамасыз етуде. Сонымен қатар «Әлем Агро» серіктестігі Конвизо-Смарт тұқымын жеткізіп беруге шаруашылықтармен келісімшартқа отыруда.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қолданыстағы субсидиялау ережесіне өзгерістер енгізіп, қант қызылшасының инкрустацияланған 1 себу бірлік тұқымына төленетін субсидиялау нормативі 16174 теңгеден 18795 теңгеге, жартылай драже 18312 теңгеден 24058 теңгеге, драже 27175 теңгеден 34424 теңгеге өсті, – дейді басқарма мамандары.

ПІКІР ЖАЗУ