ШЫМКЕНТ: Спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 31,2 пайызды құрады

Бүгін қала әкімі М.Әйтенов дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдерімен Шымкентте қолжетімді және бұқаралық спортты дамыту мәселесін талқылады.

«Салауатты өмір салты – дені сау ұлт қалыптастырудың негізгі шарты». Осылай деп мәлімдеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық және балалар спортын дамыту стратегиялық басымдық екеніне назар аударды.

Қалада 2021 жылдың 6 айында дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 340 305 адам немесе қала тұрғындарының жалпы санының 31,2 пайызын құрады.

Бүгінде Шымкент қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 спорттық клуб жұмыс істейді.

Атап айтқанда, Мирас спорт кешені. Мұнда 5 пен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер футбол мен дзюдо секциясына тегін қатыса алады.

Жаңа футбол алаңында 13 жасқа дейінгі балаларға арналған республикалық және халықаралық турнирлер өткізуге болады. Жаңа спорт нысанының ашылуы күзге жоспарланған.

Сондай-ақ, бокстан әлем чемпоны Біржан Жақыповтың «Әли спорт» клубы да  бокс пен дзюдодан болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде. Мұнда 200 -ге жуық бала спорттан тәлім алып жүр. Жас спортшыларды алға қарай құлшындырушы – Біржан Жақыповтың өзі. Ол әлем чемпионы және Олимпиада ойындарына қатысушы.

Сондай-ақ, қала әкімі Қызылжар шағынауданындағы спорт кешенінің қызметімен танысты. Мұнда ұлдар мен қыздар бокс, дзюдо, грек-рим күресі және каратэмен тегін шұғылдана алады. Клуб каратэ мен күрестен алғашқы чемпиондарын дайындап шығарды.

Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, қазақстандықтардың 35 пайызы бұқаралық спортпен қамтылуы тиіс. Осыған байланысты қала аумағында әрбір қала тұрғынын спортпен қамту үшін көптеген спорт алаңдарының құрылысы жоспарланған.

ПІКІР ЖАЗУ