Алматыда Республикалық олимпиада жүлдегерлері марапатталды

 Олимпиада география және информатика пәндері бойынша өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

«Алматы театр» ғимаратында 25-28 наурыз өткізілген жаратылыстану-математика бағыты бойынша география және информатика пәндерінен республикалық олимпиаданың жабылу салтанаты өтті. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген 300-ге жуық оқушы қатысты.

Биылғы олимпиаданың ерекшелігі – жаңа форматта өтіп жатыр. Бұрын 2 өңірде өтетін болса, қазір 7 қаланы қамтиды. Бастауы Астана қаласында өткен болатын. Ал Алматыда география және информатика пәндері бойынша жарыс өтті. Жалпы республикалық этапқа 1600-ден астам бала қатысып отыр. Айтылған екі пән бойынша 300 бала бақ сынады. Олимпиада 2 кезең бойынша ұйымдастырылды, ол – теориялық және практикалық. Жарыс барысы ютуб желісінде тікелей эфирде көрсетілді. Олимпиада үздіктері болашақта оқу-жаттықтыру жиындарына шақырылады. Ода кейін Қазақстан намысын беделді халықаралық жарыстарда қорғайтын болады, – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Ғаждембек Тұрсынов.

Олимпиадаға қатысқан оқушылардың 45%-ы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдары және алтын, күміс, қола медальдарымен марапатталды.

Сонымен қатар жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды және еліміздің беделді жоғары оқу орындарының ректорлық білім гранттары берілді.

ПІКІР ЖАЗУ