Қарағанды көшелерін су басты
Қарағандының Қ.Тәттімбет, С.Мұқанов, Қ.Сатыбалдин көшелерінің және Кеншілер даңғылының бойындағы жолды қызыл су алып, көлік қозғалысына кедергі келтіруде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін ауа температурасы күрт көтеріліп, күн жылуы салдарынан қалада бірнеше көше еріген қар суының астында қалды. Осыған байланысты қала әкімі Мейрам Қожухов мәлімдеме жасады.
Ауа температурасы жоғары болып, қар тез еріп жатыр. Қ.Сатыбалдин көшесі мен Кеншілер даңғылының қиылысындағы нөсер канализациясы 100 пайыз жұмыс істеп тұр. Алайда осы жерге келіп жатқан судың деңгейі жоғары болуы себепті су нөсер канализациясының ернеуінен асып жатыр. Су үйлерге кіріп жатқан жоқ, жолға ағуда. Кеншілер даңғылына қарай канализациялық коллекторға суды ағызып жатырмыз, нөсер канализациясы суды қабылдап үлгермеуде. Бүгін түнде де ауа температурасы жоғары болады, – деді әкім.
Оның айтуынша, қалада су жоқ. Қызыл су қалаға Үштөбе елдімекені маңайындағы даладан келіп жатыр.
Қызыл су жыл сайын шайып кететін Қ. Тәттімбет-С.Мұқанов көшелерінің қиылысына былтыр суағар жасалған. Алайда бұл шаралар өз нәтижесін бермеді. Биыл да күн жылына бұл жерді су алып, тұрғындардың қозғалысына кедергі келтіруде.
Су деңгейі өте жоғары. Көлікпен өту де қиындап кетті. Дәл осы жерде балабақша бар. Балалардың қауіпсіздігіне де алаңдап отырмыз, – дейді қала тұрғыны Әділ Асқаров.
Еске салайық, Қала әкімі су тасқынына қатысты жағдайдың бақылауда екендігін айтқан болатын.