Таразда «KazАgroZhambyl-2024» халықаралық ауыл шаруашылығы форум-көрмесі басталды
Тараз қаласында биыл алғаш рет «KazАgroZhambyl-2024» халықаралық ауыл шаруашылығы форум-көрмесі өтуде. Көрменің салтанатты ашылу рәсімі «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағында ұйымдастырылды.
Көрменің ашылу салтанатында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аталған форум агроөнеркәсіптік кешен саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Біздің облыс көпсалалы аграрлық өңір болғандықтан, өзіндік мүмкіндіктерін көрсетуге әзір. Жамбыл облысы бірқатар артықшылықтары мен қолайлы климаты бар, ауыл шаруашылығына қолайлы аймақ. Облыс халқының 60 пайызы ауылдық жерлерде шоғырланып, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға күш салуда, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы мұндай ауқымды іс-шаралар шетелдік және отандық кәсіпкерлерге ынтымақтастық орнатуға және стратегиялық келісімдер мен меморандумдарға қол жеткізуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, Түркия Республикасы ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы вице-министрі Эбубекир Гизлигидер де ауқымды шараның маңыздылығына тоқталды.
Қонақтар ауыл шаруашылығы техникасы, элиталық тұқымдар мен минералды тыңайтқыштарды өндіруші кәсіпорындардың өнімдері ұсынылған көрмемен танысты.
Сондай-ақ кешен аумағында асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарларының көрмесі ұйымдастырылуда.
Көрмеге 70-ден астам компания қатысып жатыр.
21 наурызға дейін өтетін форум-көрме аясында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) ауыл шаруашылығы министрлерінің 3-ші кеңесі, ECOSA тұқым шаруашылығындағы 8-ші Конгресі, түркі агробизнес-форумы және B2B форматында кездесулер өтеді деп күтілуде.