Ұлттық спорт күні: тұлпарлардың тұяғы дүбірлеген күн

Шымкент қаласының жаңа ипподромында дәстүрге сай ұлттық спорт ойындары қайта жаңғырды. Наурыз мейрамы аясындағы «Ұлттық спорт күні» қала тұрғындары бәйге, аударыспақ, конкур, көкпар, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, теңге ілу сияқты ұлттық ат спорт ойындары жарыстарын тамашалады.

Конкур, теңге ілу, жамбы ату, қыз қуудан Шымкент қаласының ашық турнирі және 14 шақырымдық аламан бәйге жарысы өтті. Ал көкпар, аударыспақ және дәстүрлі садақ атудан Шымкент қаласының ашық турнирінің финалдық кезеңі қала тұрғындарының делебесін қоздырды. Аталған спорт түрлерінің іріктеу кезеңдері кеше ұйымдастырылған болатын.

Ұлттық ат спорты ойындары конкур сайысынан басталып, аламан бәйгемен аяқталды. Іс-шарада жергілікті спортшылар өз шеберліктерін паш етті. Желдей жүйткіген сәйгүліктің үстінде отырып теңгені ептілікпен іліп алу, кедергілерден секіру, ат үстінде отырып күш сынасу, бәрі де тұрғындарға керемет әсер сыйлады. Осылайша Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық спорт ойындары кезекті рет ұлықталды.

Көкпар және аламан бәйге сайысының жеңімпаздары демеушілер есебінен қаржылай сыйақылармен марапатталды. Бүгінгі іс-шаралар Наурыз мерекесіне орай салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру-спорттық және сауықтыру іс-шараларына қала тұрғындарын тарту, ұлттық және ат спорт түрлерін дамытуды мақсат еткен.

Айта кетсек, 22 наурыз күні Астана даңғылы бойындағы ӘІО алаңында ұлттық спорттық жарыстар ұйымдастырылмақ.

ПІКІР ЖАЗУ