Қарағанды облысында 77 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
Олар негізінен аймаққа Өзбекстаннан, Моңғолиядан, Қытайдан және Ресейден келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша қандастар Теміртау мен Қарағандыда тұруды жөн көреді.
Облыс орталығында қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталығы жұмыс істейді. Онда оларға әртүрлі көмек көрсетіледі, соның ішінде азаматтығын алуға байланысты құжаттарды рәсімдеуде заңгерлік көмек, жұмысқа орналастыру бойынша қолдау көрсетіледі.
Қазір орталықта Моңғолия азаматы Бақытбол Өнергүл тұрып жатыр. Ол бала кезінен тарихи Отанында өмір сүруді армандаған. Ақпан айында Бақытбол қандас мәртебесін алды. Ол қаланың мейрамханаларының біріне ас үй қызметкері болып жұмысқа орналасты. Жуырда Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне түсуді жоспарлап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, “қандас” мәртебесін Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы береді немесе ұзартады.