Астана мектептерінде бір психолог 1,5 мың балаға көмек беріп жүр – депутат

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов Сенатта өтіп жатқан дөңгелек үстелде елорда мектептерінде психологтердің тапшылығы өзекті мәселе боп тұрғанын айтты.

«Елорданың білім беру ұйымдарында 228 психолог жұмыс істейді. Бір психологке 1000-нан 1500 балаға дейін келеді. Психологтер көптеген балалармен тиісті деңгейде байланыс орната алмайды. Бұл жүргізіліп жатқан жұмыстың сапасына тікелей әсер етеді. Біз мектеп психологтерінің отбасымен тікелей жұмыс істеу дағдылары жетіспейтінін байқаймыз. Осыған байланысты баланың психикалық-эмоционалдық жағдайын зерттеу, тәуекел тобындағы балаларды анықтау, отбасымен жұмыс істеу мәселелерінің бір аутсорсингке беру және оны заңнама деңгейінде реттеу қажет деп есептейміз», – деді депутат.

Сондай-ақ, ол Оқу-ағарту министрлігіне тәуекел тобындағы балалармен жұмыстың әдістемесін әзірлеуді ұсынды.

«Білім беру ұйымдарындағы тәуекел тобындағы балалармен жұмыс істеу алгоритмі заңмен реттелмеген. Тәуекел тобындағы балалармен жұмыс істеу әдістемесі жоқ. Оқу-ағарту министрлігіне тәуекел тобындағы балалармен жұмыс істеу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеуді ұсынамыз», – деді Ерлан Каналимов.

ПІКІР ЖАЗУ