Түркістан: Отырарда жаңа медициналық нысан ашылды

Отырар ауданы, Қоғам ауыл округіне қарасты Талапты ауылында заманауи медициналық нысан ел игілігіне берілді. Медициналық нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Жабағиева қатысып, тұрғындарды құттықтады.

Салтанатты шарада ауыл қариясы Сыздық Одаманов ауыл тұрғындары атынан шынайы алғысын айтып, ақ батасын берді.

Жалпы Талапты ауылындағы бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы бюджет есебінен салынған. Дәрігерлік амбулатория стоматология, зертханалық аппараттар, ЭКГ және  гинекологиялық орындықтармен қамтамасыз етілген.  Аталған нысанда 1 дәрігер, 3 медбике, 1 акушер, 4 кіші қызметкер  жұмыс істейді.

Айта кетейік, Қоғам ауыл округіне қарасты Талапты ауылында 1350-ге жуық халық тұрады. Аталған елді мекеннен медициналық нысан салу  ауыл тұрғындары үшін көптен бері көкейде жүрген мәселенің бірі болатын. Бұған дейін аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың ауыл тұрғындарымен кездесуінде көтерілген бұл мәселе бүгінде оң шешімін тауып отыр.

ПІКІР ЖАЗУ