Шымкентте 25 мыңға жуық бала шығармашылық үйірмелерге тегін барады

Өткен жылы Шымкентте жан басына шаққанда қаржыландыру бағдарламасына 149 өнім беруші қатысып, 24 194 ваучер қамтылған. 2024 жылы қала аумағында 46 ресми және мәдени іс-шаралар, атаулы даталар, мәдениет мекемелерінің мерейтойлары мен наурыз мерекесін  тойлау жоспарланып отыр. Бұл туралы Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев баспасөз брифингінде хабарлады.

–Мемлекет басшысы  «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында  атаулы даталарды атап өтуге мән берді. Осы  бойынша бірқатар іс-шараларды  кең көлемде атап өтуді жоспарлап отырмыз.  Биыл Жошы ұлысы іргесінің қаланғанына 800 жыл, қазақтың әйгілі халық ақыны, жырау, композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығы, көрнекті ақын Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы,  әйгілі ғалым Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығы, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салаушылардың бірі суретші Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы, қазақ ақыны сықақшы Шона Смаханұлының, халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың және  қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл сияқты көптеген атаулы даталарға іс-шаралар өткізілетін болады. Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазіргі таңда Наурыз мерекесін атап өту бойынша дайындық жұмыстары басталды. Жақсылықтың жаршысы жаңа жылдың бастауы, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының онкүндігі аясында, қаланың көрікті жерлерінде мәдени мекемелерінде тақырыптық, тарихи-танымдық, оқу-ағарту, семинарлар, кітап, робототехника көрмелері, түрлі форматтағы жәрмеңкелер, іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілетін болады. Елімізде наурыз мейрамын он күн атап өту 2021 жылдан бастап тойланып келеді. Биыл да өз жалғасын табады, –деді Б. Орынтаев.

Сондай-ақ басқарма басшысы тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының жұмысымен және қаладағы көше атауларына келіп түскен арыз-шағымдар бойынша да жұмыс істелініп жатқандығын мәлімдеді. Б. Орынтаевтың айтуынша  Шымкент қаласында орналасқан 4 білім беру ұйымдарына – №3 мектепке Нұрғиса Тілендиевтің, №28 мектепке Фариза Оңғарсынованың, №80 мектепке Ақселеу Сейдімбектің, №85 мектепке Тәуке-ханның  есімдері  берілген. Сонымен қатар, заң талаптарына сәйкес, 290 құрамдас бөліктер мен  6 мемлекеттік мекемеге атау беру және қайта атау беру бойынша Республикалық ономастика комиссиясының келісімін алуға ұсыныс жолданбақ. Уәкілетті органнан келісім келген соң алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Айта кетейік, жоспарға сәйкес қала, көше атаулары  ілінген тақтайшалардың жазылуы бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізу, қаладағы идеологиялық тұрғыда ескірген 65 көшеге қайта атау беруге тиісті аумақ халқымен жиындар өткізу жұмыстары да жүргізілмек.

ПІКІР ЖАЗУ