Жетісудағы ауылшаруашылық техникасының 61,4 пайызы тозған

 Облыс бойынша ауылшаруашылық техникаларының жалпы саны 21536 бірлікті құрайды. Оның 10 жылға дейінгісі – 8321 бірлік, 10 жылдан жоғарғысы – 13215. Яки, тозу деңгейі 61,4 пайызға жеткен, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Былтыр техниканың 5 пайызы ғана жаңарған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы техникаларын уақтылы жаңартып тұруды міндеттеген. Өз сөзінде Президент: «Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады», деген еді. Бірақ…

Иә, мол өнім алу үшін ауылшаруашылық техникаларының маңызы зор. Дегенмен былтыр Жетісу республикалық деңгейде жаңа облыс ретінде жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Әйтеуір шаруалар саланың ым-жымың білдірмеді. Қараңыз, 519 мың гектар егіс алқабынан 1,9 миллион тонна өнім жиналған. Саралап айтсақ, 880 мың тонна дәнді дақыл қамбаға құйылды. 

Алдыңғы жылы соған жуық көрсеткіш болған, шамамен 847 мың тонна. Жалпы, жиналған дәнді дақылдар өнімінің көлемі бойынша Жетісу республикада 4-тікке енді. Сөйтіп облыс әкімі Бейбіт Исабаев 2025 жылға таман дәнді дақылды 1 миллион тоннаға жеткізуге бел байлады. Бірақ, заман талабына сай жабдықталған тегеурінді техникалар болмай бұл нәтижеге жету мүмкін емес. 

Былтыр жүгершілердің жайы көпке мәлім. Мәжіліс алаңында көтерілген мәселе бәрібір шешімін толық таппады. Жапа шеккен кім? Тағы да қарапайым шаруалар.

Өткен жылы қант қызылшасының орташа шығымы 433 центнерден айналған. Бірақ Ақсу, Алакөл аудандарында аз өнімділік көрсеткен. Сонымен қатар МТС-тарды жаңарту мақсатында өткен жылы 11 миллиард теңгеге 650 бірлік техника сатып алынды, соған қарамастан Ескелді, Қаратал секілді бірқатар аудандардың техниканы жаңарту деңгейі облыстық көрсеткіштен төмен. Сондықтан сервистік-дайындау орталықтарын құру жұмысы биыл да жалғасады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Қант қызылшасы дегеннен шығады, былтыр тәтті түбір егістігі 2 есеге ұлғайтылып, 8,7 мың гектарға себілген. Сөйтіп қант зауыттарына қант қызылшасы мен қант құрағын қоса алғанда 71 мың тонна қант шығару міндеттелді. 

Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің 35 пайызы облыста өңделеді. Бірақ, бұл межеге жете ала ма, жете алмай ма әлі белгісіз. Қазір, шаруалар тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін пайдалану маңызды. Әйтсе де соған сай техника жоқтың қасы.

Жалпы, Жетісуда ауылшаруашылық техникаларының жалпы саны үлкенді-кішілі 21536 бірлікті құрайды. Талапқа сай, он жыл пайдаланылған техника түрі ескі техникаға жатады. Қазір, он жылға дейінгісі 8321- бірлік, ал он жылдан асқан 13215 бірлік бар. Бұдан шығатын қорытынды сол, 61,4 пайызы тозған техникаға жатады. Былтыр 650 бірлік жаңа техника тіркелген. Яки, ауылшаруашылық техникаларының 4,9 пайызы ғана жаңарған.

Ақсулықтар Сарқан ауданының техникасын пайдаланады

Ауылшаруашылығы тауар өндірушілерімен жалпы құны 10,7 миллиард теңгеге 536 бірлік жаңа техника сатып алынды. Оның ішінде 3,6 миллиард теңгеге 204 бірлік «Каз Агро Финанс» АҚ арқылы, 1,9 миллиард теңгеге «Казагробизнес» АКК арқылы 133 бірлік, 0,2 миллиард теңгеге ВНК лизинг компаниясы арқылы 23 бірлік, қалған 290 бірлік шаруалардың өз қаражаттарына алынды. Оның сомасы 5,2 миллиард теңгені құрайды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Ең өкініштісі, Текелі қаласы мен Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Сарқан аудандарында ауылшаруашылығының пайызы 77 пайызы ескірген. Бұл аудандар аграрлы өңірдің сала бойынша локомативі саналады. Ары қара өзіңіз ойлай беріңіз. Осы тұста сөзімізге дәлел келтіре кетсек. Мәселен былтыр ақсулық шаруа иелері Сарқан ауданының техникасына жүгінген.

Көлбай елді мекені кеңес өкіметі кезінде үлкен қызылша кеңшары болған. Жергілікті шаруалар бұрындары мың жарым гектар жерге дейін тәтті түбір еккен екен. Бүгінде, олардың дені зейнетке шыққан, бірақ бізге ақыл кеңесін беріп отырады. Тіпті осы салада кәсіп бастаған жастарға ақыл кңесін беріп отырады. Былтыр біз қызылша егуді мықтып қалға алдық. Ең өкініштісі, техниканы жоқтығы қолбайлау болды. Осы мәселе биыл өз шешімін тапса деген ойдамыз. Көрші ауданның комбаинына мұқтаж болып отырмыз, – дейді Көлбай ауылдық округінің әкімі Ержан Шакеров.

Сөз шындықтан бұзылмайды. Бүгінде көлбайлықтардың қолында ешқандай қызылшаға арналған құрал жоқ. Егінді жинау үшін көрші Сарқан ауданының техникасын күтуге мәжбүр. Ал олар егінін толық жинамай өзі санаулы техниканы біреуге бере алмайды. Сондықтан көлбайлық шаруалар жауын-шашынға ұрынып, ауа райының ашылғанын күтуден басқа амалы жоқ.

Бүгінде ұсақ шаруа өкілдері кеңес заманындағы техниканы амалсыз сүйреп жүр. Бұрын «Нива», «Енисей» секілді комбайндарды ары кетсе 2-3 маусымға ғанай қолдатанатын, ал К-700 тракторын 6-7 жылда жаңартып отыратын еді. Сол техникалар әлі егін басында жүр. Тіпті тұқым себетін агрегаттардың сыны кеткен. Бір басы тұқымды 7-8 см сіңірсе, бір жағы 4-5 см тастайды. Содан өнім біркелкі болып өнбейді. Топырақ тереңге түскен тұқымды шірітіп жіберу мүмкін, – дейді агроном Асыл Айдаров.

Жүгерішілердің жаңайқайы

Жаркенттік жүгерішілердің жырын Мәжіліс депутаттары да, Сенат депутаттары да көтерді. Әрине, бағаның арзандығы шаруалардың шыдамын тауысқаны белгілі. Олар еңбегі ақталмағандығына қапалы. Жүгерінің жарамсыз болып қалуының бірден бір себебі техниканың аздығы. Мәселен Панфило ауданыныңда 80-нен астам жүгері оратын комбайн бар. Оның жартысынан көбі алқаптан дәнді бірден уатып жинайтын әмбебап комбайн саналады. 700-ге жуық трактор, екі мыңға тарта тіркеме әзірленген.

 Шама бар жыл сайын жаңа техникалармен толығуда, бірақ оған қарапайым шаруалардың қолы жетпейді.Ауданға жалпы құны 925,2 млн теңге тұратын 62 техника алынды. Дегенмен бұл техника саны жүздеген шаруаға шаққанда түк емес. Кейбір кәсіпкерлер кезегін апталап күтетінін жеткізді.

Былтырғы жағдайдан кейін жүгері егуге ойланып қалдық. Техниканың жоқтығынан көп жапа шектік. Дақылға обал болды. Күздің ортасы жаңбырлы болып, жүгеріні толық кептіре алмадық. Ал ылғалды дақылды зауыт алмайды. Жерді де, техниканы да жалға алып жұмыс істейміз. Салған ақшаны ақтау үшін жүгерінің кепкені абзал. Алаңда жатқан қаншама дақыл үсіп кетті. Ірі қожалықтарда арнайы кептіретін құрылғы болады, оны алу да үлкен шығын. Оның үстіне былтыр баға өте төмен. Кеткен ақшамызды ақтай алмадық, – дейді жүгеріші Халил Алимұлы.

Содан ба Жетісуға іс-сапармен келген Айдарбек Сапаров жүгері өсіруді субсидиялауды гектарына есептеу тиімсіз деп тапты. Сөйтіп өңірде жүгері дақылын егуді қысқарту керектігін айтты.

Дәнді дақылдарды әртараптандыруға күш салу қажет. Яғни бидайды, жүгеріні азайтып, әлдеқайда тиімді күнбағыс, мақсары, рапс сияқты майлы дақылдарға, сол сияқты қант қызылшасын өсіруге қарай бейімделуіміз керек. Бүгінгі жиында біраз мәселе көтерілді. Шынында да, жүүері өнімін өткізуде біршама күрделі мәселе бар. Жүгері Ресейден арзан бағада келеді, сондықтан нарықтағы бағасы құлдырады. Дегенмен, шаруалардың пікірі біз ұшін маңызды. Қалай болғандада, өнім жерде қалмайды. Келесі жылы дегенмен басқа да пайдалы дақылдарды егіп, өңірдің ауылшаруаышылы саласын жандандыру шарт, – деді министр.

Қараңыз Жетісу 380 мың тонна дәнді жүгері алса, соның өткізілмей қалғаны 100 мың тонна. Министрлік 50 мың тоннаны өткізуге ықпал етті. Қалғанын облыс әкімдігі әйтіп-бүйтіп өткізді. Бірақ, бәрібір шаруалардың көңілі орнына түспеді. Себебі, көбі шығынын ақтай алмаған.

Жетісу жеріндегі ауыл шаруашылығы техникаларын толықтай жаңарту мүмкін емес. Шетелден келетін заманауи техинкалар өте қымбат, оның үстіне мемлекет тіркеуге оңайлықпен қоймайды. Сондықтан шаруалардың шырылы орынды. Жыл сайын аздан-аздан жаңартып отырса, бәлкім шағын шаруаларда бір пайдасын көріп қалар.

ПІКІР ЖАЗУ