ШЫМКЕНТ: Мүлік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктер мәселесі қозғалды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әлеуметтік желіде апта сайын өтетін тікелей эфирін қайта жалғастырды. Әдеттегідей қала басшысы алдымен қалыптасқан эпидахуал жөнінде қысқаша айтып өтіп, жағдайдың күрделі екендігін, бекітілген санитарлық талаптарды сақтау жақындарымыздың амандығына кепіл болатынын айтты.
Бүгінгі эфир тұрғын үй қатынастары саласындағы маңызды мәселе – мүлік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктер мәселесіне арналды.

«Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидаты бойынша іске асатын бұл реформа тұрғын үй қатынастарын жаңа деңгейге шығармақ. Көпқабатты тұрғын үйді басқару формасы айқындалып, пәтер және тұрғын емес үй жайлары иелеріне ортақ мүлікті басқаруға кең мүмкіндіктер берілмек.
Тұрғын үйді басқарудың жаңа нысанын енгізу арқылы әрбір үйге өз тұрғындары ішінен ортақ ұйым құрып, оның есепшоты арқылы қаржылық операциялар жүргізуге мүмкіндік беріледі. Осы ұйымдарға біріккен тұрғындар өзара кеңесе отырып, ортақ мүлікті басқаруды іске асырады, олар бойынша жөндеу жүргізу, жалға беру бастамаларын атқарады.
Тұрғындар тарапынан түскен сауалдардың мазмұны әркелкі болды. Оның ішінде экологиялық жобалар, тұрғын үй құрылысы, коммуналдық салаға қатысты сұрақтар, індетпен күрес мәселелері, балалардың сабаққа бару мүмкіндігі, тағы басқа сұрақтар болып, толыққанды жауаптар берілді.

Эфирге арқау болған тақырып аясында мүлік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктерді құру тәртібі түсіндіріліп, осы ұйымдарға бірігу арқылы тұрғындар өз үйлерін жөндеуден өткізуге жоба-сметалық құжат әзірлеуге тапсырыс бере алатыны, жөндеу жұмыстарына 0,02 пайызбен ұзақмерзімді және қайтарымды несие алуға тапсырыс беруге мүмкіндігі болатыны, ортақ мүлкін жалға беріп, одан түскен қаражатты өз үйлеріне жарата алатыны айтылды.

Тұрғындар жөндеу жұмыстары бойынша тапсырыс беруші міндетін атқарып, мердігер тарапынан атқарылған жұмыстарды тиісті акт бойынша қабылдап алады және бұл жұмыстарға акт бойынша төлем жүргізетін болады.

Айта кету керек, Шымкентте жаңа басқару нысанын құруға болатын 2106 көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінде 94 үйде мүлік иелері бірлестігі құрылса, жай серіктестіктер 475 үйде құрылған. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш.

Эфир барысында қала әкімі тұрғындардан түскен 16 сұраққа жауап берді. Парақшада қалдырылған әрбір сұраққа мемлекеттік құрылымдар тарапынан жазбаша түрде жауап беріледі.

ПІКІР ЖАЗУ