Биыл Алматыда екі ірі жолайырық құрылысы аяқталады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл Алматыда екі ірі жолайрық құрылысы мен екі көшені ұзарту жұмыстары аяқталады.

Алматыда жол инфрақұрылымын дамыту аясында қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен жолайырықтар салу, магистральдық жолдар мен радиалды көшелерді ұзарту жұмыстары жүргізілуде. 

Алматы әкімдігінен атап өткендей, 2024 жылдың соңында Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында жолайрықты ашу жоспарланып отыр. 

Жоба аясында Сейфуллин даңғылында көліктердің кедергісіз жүруі үшін жалпы ұзындығы 690 метр болатын екі түнел салу көзделген. Жансүгіров көшесінде 4 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі салынып, тротуарлар және көгалдандыру қарастырылған.

«Осы жылдың жылдың 3-тоқсанында Саин көшесі мен Мөңке би көшесінің қиылысындағы жолайырық қолданысқа беріледі. Бұл «жоңышқа жапырағы» типтес жолайырық, түрлі бағыты әрі кіреберісі болады. Ұзындығы 2,3 км болатын тротуарлар мен веложолдар салу қарастырылған», – деп хабарлады қалалық әкімдіктен. 

Бұған қоса, 2024 жылдың соңына дейін екі көшені ұзарту аяқталады. Біріншісі – Саин көшесінің бойымен Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейінгі жалпы ұзындығы 3,2 км жол.Б. Момышұлы көшесіндегі көлік жүктемесі 30%-ға төмендейді деп болжанып отыр. 

Екіншісі – Абай даңғылынан Б.Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін. Жалпы ұзындығы 5,3 км болатын көшені ұзарту мегаполис орталығынан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолында (ҮАААЖ) батыс бағытта қосымша дәлізді қамтамасыз етеді.

«Қазір Рысқұлов даңғылын Ф.Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту қолға алынған. Учаскенің жалпы ұзындығы – 2,3 км. Келесі жылы Тілендиев көшесін Рысқұлов даңғылынан қала шекарасына дейін ұзарту басталады. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Оның жалпы ұзындығы 10,5 км. Дәл осы кезеңде Солтүстік айналма көшесін ұзындығы 1,2 км болатын қала шекарасына дейінгі ұзартуды бастау көзделген»,- деп атап әкімдіктен.

ПІКІР ЖАЗУ