Шымкент: қала әкімі құрылыс, әлеуметтік нысандардағы жұмыс барысын қадағалады
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ақжайық шағын ауданындағы 5 қабатты 26 көппәтерлі және 9 қабатты 9 үйдің құрылысымен танысты. Жоспар бойынша аумақта 35 тұрғын үй салынады. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтап, тапсыру жоспарлануда.
Қала әкімі басқарма басшысына сапаны назарға алып, құрылыстың өндірістік кестеге сай атқарылуын қадағалауды тапсырды.
«Аялы алақан» № 5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруы бар балаларға жартылай стационарлық қызмет көрсетеді. Қала әкімі аталған орталықта болып, жұмысын бақылады.
Бүгінде мұнда 116 ерекше бала арнаулы әлеуметтік қызметтің 8 түрін алуда. Мекемеде әлеуметтік, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, және құқықтық қызмет түрлері көрсетіледі. Ғимарат сондай-ақ ЛФК, монтесори кабинеті, тұз шахтасы және бейнебақылау камераларымен қамтылған. Балалардың ерекшелігіне сәйкес, арнайы спорт алаңшасы да бар.
Қала әкімі орталықтың жұмысымен танысу барысында ойын алаңшасы жылдың барлық мезгілінде балаларға ыңғайлы болуы үшін төбесіне шатыр жабуды, іргелес жатқан бос жерді орталықтың меншігіне өткізіп, онда демалыс аймағын құру бойынша тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді.