Түркістан: ауыз су саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
Облыстың бірқатар аймақтарында ауыз су мәселесі өзекті болып тұр. Кейбір аумақта табылған су тартылып кетсе, енді бір аудандарда ұңғыма қазу жұмыстары нәтиже бермеуде. Осыған орай Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш, Келес аудандарына арнайы іссапармен барды. Онда елді мекендердің ауыз су саласындағы жыл сайын қордаланып қалған мәселелерді көріп, шешу жолдарын қарастырды.
Алдымен Сарыағаш ауданындағы «Нұра» топтық су жүйесі РМК-нің жұмыс барысымен танысты. Тазартылған ауыз су Сарыағаш қаласын, аудан аумағындағы 16 елді мекен және Келес ауданында 8 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Жалпы 134 мыңнан аса тұрғынға ауыз су берілген.
Содан кейін, іссапар Құркелес ауылдық округінің Дастан елді мекенінде жалғасты. Кестемен берілетін ауыз су нысандарында ауыз су дебиті төмендеген және қысқа мерзімде су тазартқыш сүргілері жарамсыз күйге түскен. Тиісті сала өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді. Ендігі кезек, ондағы ұңғымаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Келес өзенінің бойынан бұрғыланып жатқан су ұңғымасының құрылысымен танысты. Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, бұған дейін жүргізілген бұрғылау жұмыстары нәтиже бермеген. Тіршілік нәрін іздестіру жұмыстары жалғасып, қазір Келес өзені маңынан 200 метр ұңғыма қазылуда. Қажетті су қоры анықталған соң Алпамыс батыр ауылдық округінің Ақжол және Қауыншы елді мекендері ауыз сумен қамтылатын болады.
Біртілек ауылдық округінің Игілік елді мекенінде ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары біткен. Енді мемлекеттік қабылдау рәсімдері аяқталған соң «ҚазСуШар» РМК-ға қарасты «Оңтүстікауызсу» филиалының «Сарыағаш ТСЖ» өндірістік бөлімшесі мекемесіне сенімгерлік басқаруға өткізіледі. Нәтижесінде, 1151 тұрғын ауыз сумен қамтылады.
Іссапар соңында Зұлпыхар Сансызбайұлының төрағалығымен Келес ауданы әкімі аппаратында Келес, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Шардара және Қазығұрт аудандары әкімдерінің қатысуымен жиын өтті. Оған су саласына жауапты министрлік өкілдері, мамандары, ауыз су саласына қатысты мекеме басшылары мен мердігер мекеме өкілдері де қатысты. Онда нысандарды аралау барысында көрілген кемшіліктерді жою жөнінде сөз қозғалып, ұсыныс, пікірлері тыңдалды. Сондай-ақ кестемен берілетін ауыз су нысандарының мәселесін шешу жолы талқыланды. Тиісті сала басшыларына арнайы іс-шара жоспарын бекітуді тапсырды.